Елена Рыбакина WTA 500 турнирін жеңіспен бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елена Рыбакина WTA 500 турнирін жеңіспен бастады

18.06.2025

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Германияда өтіп жатқан WTA 500 турнирін жеңіспен бастады. Жеребе бойынша отандасымыз қытайлық Чжэн ЦиньВэньмен кездесуі керек болған. Алайда қарсыласы жарысқа қатысудан бас тартты. Оның орнына әлемнің 33-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгермен ойнады. Бұл матчты реванш деп те айтуға болады. Өйткені биыл Майамидегі жарыстың екінші айналымында Крюгер Рыбакинаны 2:1 есебімен жеңіп кеткен еді. Бұл жолы Елена есесін қайтарды. Алғашқы сетті 6:3 етіп жапты. Екінші партияда Рыбакина 3:1 есебімен алға шыққан сәтте Крюгер таразы басын теңестіре білді. Жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Қазақстаның бірінші ракеткасы 7:3 есебімен басым түсті. Енді Елена ширек финалға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, чехиялық Катерина Синяковамен бақ сынайды.

Айта кетейік, Берлиндегі турнирдің жеңімпазы 500 рейтингтік ұпаймен бірге, 142 610 еуроға ие болады. Айтпақшы, ұйымдастырушылар Ленаның туған күнін ұмытпапты. Ойын біте сала құттықтап, гүл шоғын тарту етті.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу