Бүгін ел бойынша жалпұлттық сенбілік өтті. Өңір-өңірлерде әртүрлі тазалық шарасы ұйымдастырылды. Экоакцияға елордалықтар ерекше қарқынмен кірісті. Айналаны күл-қоқыстан арылтып, қаланы көркейту ісіне барлығы 100 мыңға жуық адам атсалысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, әртүрлі еңбек ұжымдары және еріктілер мен қала тұрғындары бар. Қоғамдық қозғалыстың арқасында шаһарда 12 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Сенат төрағасы бастаған бір топ депутат пен қоғам белсенділері Бейбітшілік және келісім саябағына көшеттер егіп, көгалдандыруға үлес қосты. Мәулен Әшімбаев еліміз үшін мұндай экологиялық акциялардың маңызды екені және аталған акция шынайы отаншылдықтың көрінісі екенін айтты. Ал Мәжіліс төрағасы бастаған депуттар мен Палата аппаратының қызметкерлері орталық саябақтардың бірін 100 түп қарағаймен толықтырды.
«Президенттің экологиялық бастамасы ел көлемінде нағыз қоғамдық қозғалысқа айналды. Біз де бүгін өз үлесімізді қосытық», - деді Ерлан Қошанов.
Ал Премьер-министр Олжас Бектенов бастаған Үкімет аппаратының қызметкерлері EXPO-ның айналасын абаттандырды. Жалпы, соңғы бір аптада елімізде 200-ге жуық экологиялық акция ұйымдастырылып, 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары ретке келтірілген. Үкімет басшысы бұл тек шаһарды тазалау емес, тұтас ұлттың қоршаған ортаға деген көзқарасын өгертуге бағытталған ірі қадам екендігін айтты.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілікке мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де атсалысты. Ол Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бір топ мүшелерімен бірге ағаш отырғызды. Мемлекеттік кеңесші бұл тек эконауқан ғана емес, азаматтарымыздың мінез-құлқы мен ой-өрісіне ықпал ететін идеологияға айналып келе жатқанын атап өтті.
Бүгін Байқоңыр ауданында жаңа қылқан жапырақты бақ пайда болды. Жұмабек Тәшенев көшесінің бойындағы бұрын бос тұрған гүлзар аумағына 450-ден астам тал-терек егілді. Олардың қатарында қарағай, шырша, алма және алмұрт ағаштары бар. Биіктігі 4 метрден 10 метрге дейін жетеді. Жаңа оазис тұрғындар үшін таптырмас тынығу алаңы болмақ. Айнала тыныш әрі серуендеуге қолайлы.
Ернұр Медет
