Түркі әлемінің бірлігі беки түспек
Қазақстан хуситтердің Сауд Арабиясына шабуылын айыптады. Анкарадағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы шиеленістің түркі елдеріне де әсер етіп отырғанын айтты. Сонымен қатар Президент Ресейді «Түркі мемлекеттері ұйымы плюс» форматына немесе құрылым жұмысына бақылаушы ретінде қатысуға шақыруды ұсынды. Экономикалық байланыстарды күшейту үшін бес жылдық стратегияны нақты жобалармен толықтыру қажет екенін мәлімдеді. Бауырлас елдердің байланысы қай бағытта дамып жатыр? Түркі әлемінің болашақ басым бағыттары қандай? Анкарадан Шерхан Жамбылұлы тарқатады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Анкара. Анадолы аймағының саяси орталығы. Алтайдан тарап, құс қанаты талатын алып аймаққа шашыраған көк түріктің ұрпақтары бүгін шежірелі шаһарда бас қосты. Түркия төріндегі алқалы жиында бауырлас елдер ынтымақтастық келешегін талқылап, ортақ мәселелерді ортаға салды.
Тәңірден қуат алған түркілер үшін аспан түсінің жөні бөлек. Ердоған сарайында құрметті қонақтар үшін көк кілем төселіп, ежелгі батырлар бейнесіндегі сардарлар меймандарды қарсы алды. Президенттер бір үйдің баласындай ортақ суретке түсіп, тарихи сәт таспаланды.
Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір. 13-саммитке осындай айдар тағылған. Басқосу Түркияның республика күніне тұспа-тұс келді. Қала қызыл тумен көмкеріліп, барлық жерде мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр.
Жиында сөз алған Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы текетіреске тоқталып, Қазақстан хуситтердің Сауд Арабиясына жасаған шабуылын айыптайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан бір белгілі, яғни хусит деген әскери қозғалыстың бауырлас Сауд Арабиясына қарсы негізсіз шабуыл жасағанына наразылық білдірді. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату керек деген мәлімдемелерге қосыламыз.
Қазақстан Түркі ұйымының аясын кеңейтуді ұсынды
Түркілер бестігі бірлігі жарасқан бірлестік. Халықаралық алаңда бұл құрылымға қызығушылық жоғары. Қазір Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы. Президент ұйым аясын кеңейтуді ұсынды. Осы ретте бақылаушы ретінде Ресейді шақыруға ұсынды. Теріскейдегі көршіміздің түркі әлемімен тарихи байланысы терең екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді.
Ергенекон Саврун, саясаттанушы:
Біз Түркі мемлекеттері ұйымын күшейтіп, оның әлеуетін арттыруымыз керек. Бірақ көршілерімізбен ынтымақтаспай, бұл жұмысты тиімді жүргізу қиын. Президент Тоқаетың ұсынысын парасатты бастама деп бағалаймын. Өңірлік және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол. Ауқымды деңгейде жұмыс істегіміз келсе, көршілерімізбен бірлесіп әрекет етуге тиіспіз.
«Түркі ғасыры: Тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір»
Жалпы түркі елдерінің алыс-берісі табысты. Былтыр Қазақстанның бауырлас елдермен сауда-саттығы 10 млрд долларға жуықтады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға көп. Енді оны еселеу міндеті тұр. Президент 5 жылға арналған стратегиялық құжатты жедел әзірлеу керектігін айтты.
Мехмет Сейфеттин, Анкара дағдарыстар мен саясатты зерттеу орталығының президенті:
Қазақстанның Ұйымдағы маңызды рөлі экономикамен ғана шектелмейді. Елдің белсенді қатысуы түркі әлемінің жақындасуына ықпал етіп, мемлекеттеріміздің экономикалық, мәдени және саяси байланыстары тығыз болатын жарқын болашаққа жол ашады. Осы ықпалдастық үдерісінде Түркия мен Қазақстан арасындағы берік байланыс бүкіл Ұйымды алға жетелейтін табиғи қозғаушы күш қызметін атқарады.
Бірлескен жобалар үшін инвестициялық қордың толыққанды жұмыс істеуі маңызды. Қазақстан келесі жылы іскерлік форум өткізуге дайын. Ал түркі елдерін байланыстыратын негізгі бағыттың бірі – Орта дәліз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 миллион тоннаға жетті.
Ал Режеп Тайип Ердоған елдеріміздің нарықтарын бір шаңырақ астына біріктіре аламыз деген пікірде.
Режеп Тайип Ердоған Түркия Президенті:
Әрбір мүшеміздің ұлттық мүддесі мен ұстанымдарына құрметпен қарап, өзара тиімділік қағидаты негізінде ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ұмтылуымыз керек. Түркі әлемін шығыстан батысқа созылған қуатты сауда, көлік және энергетика орталығына айналдыру өз қолымызда деп сенемін. Транскаспий Шығыс–Батыс Орта дәлізі — болашақ сауданың бағытын айқындайтын стратегиялық жол.
Цифрланыру. Жахан өзгеріп, тың технология жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіп түрлерін ашып отыр. Президент осы бағытта күш біріктіруге шақырды. Мұнай-газ саласында да ортақ жобалар бар.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
Біз түрік компаниясына Жамбыл кенін игеруге шақырып отырмыз. Оның қоры 60 млн тонна. Барлаудан бастап, игеруге дейін бірлесе жұмыс істеу міндеті тұр.
Түркістан Ислам әлемінің астанасы атанады
Барша түркі жұрты үшін киелі шахар Түркістан келер жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Осыған орай түркі жұртының рухани сабақтастығын дәріптейтін шаралар жоспарланған. Ортақ мұраны сақтау – Ұйымның негізгі міндеттерінің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеу, сақтау және дәріптеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Мен биыл Түркістанда өткен басқосуда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн деп санаймыз.
Президент: ТМҰ әскери альянс емес
Ұйым қазір 60 бағытта жұмыс істейді. Бірақ бірін-бірі қайталайтын салалар бар. Президент басымдықтарды нақтылауға шақырды. Түркі бірлестігінің әскери одақ емес екенін тағы бір мәрте қайталап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Анкара саммиті ортақ декларациямен түйінделді. Ал ұйымға төрағалық міндеті Түркия еліне өтіп отыр. Жаңа Бас хатшы лауазымына өзбек елінің өкілі Мирвохид Азимов тағайындалды. Мемлекет басшысы сөз соңын Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» деген мақалмен түйіндеді. Осылайша бауырлас елдерді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге шақырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы