Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – тұтас бір дәуірдің тарихын қамтыған құнды шығарма - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – тұтас бір дәуірдің тарихын қамтыған құнды шығарма

10.01.2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы - тұтас бір дәуірдің тарихын қамтыған құнды шығарма. Егемендік алған жас мемлекеттің әрбір қадамы, әрбір шешімі, жетістігі мен жеңісі кітапта түгел қамтылған. Тіпті, әр жылдардағы статистикалық есептер, стратегиялық жоспарлар туралы жан-жақты мағлұмат бар. Бір сөзбен айтқанда, жаңа дәуірдегі бір ұлттың тарихы жазылған салмақты еңбек.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында Қазақстандағы өзге ұлттар өздерінің тарихи Отанына көше бастады. Осы тұста көптеген ауылдар мен моно қалалар қаңырап бос қалды. Бұл – экономикаға кері әсерін тигізетін құбылыс. Бірақ шетелдерде атажұртына келуге ынтығып отырған миллиондаған қандастарымыз болды. 1992 жылдың 26-маусымында «Иммиграция туралы» заң жобасы қабылданып, сырттағы қазақтарға есік ашылды. Қазір елімізде қазақ ұлтының үлес салмағы әлдеқайда басымдыққа ие.

«Қазақ ұлты заңды түрде көбейе бастады: 2005 жылы республикада оның үлесі 57 процент болса, 2010 жылы 63 процентке жетті. Өсімнің оң динамикасы кейінгі жылдары да жалғасты. 2010 жылы Қазақстанда 10 миллионыншы қазақ дүние есігін ашты.  Қазақстанның көші-қон мәселесінде тартымды елге айналуы өте маңызды. Халықтың келуі кетуінен артық бола бастады. 2004 жылы алғаш рет келген адамдардың саны елден кеткендер санынан асып түсті».

Нұрсұлтан Назарбаев  «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан, 266-бет

Кеңес Одағы ыдыраған сәттен осы күнге дейін шекарасын бекемдеп үлгермеген елдер әлі бар. Ал, Қазақстан көрші елдермен шекара сызығын нақтылап алды. Бұл жұмыс 2005 жылға дейін жүргізілді. Жоспарланған уақыттан 2-3 жыл бұрын аяқталды. Кітапта барлық көрші елдермен шекара мәселесі қалай шешілгендігі толық баяндалған.

«Тарихта тұңғыш рет біздің мемлекеттік шекарамыз халықаралық-құқықтық тұрғыдан рәсімделді және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің іс-жүзіндегі нақты құралы бола алды. Осы кезден бастап дербес Қазақстан заңды түрде рәсімделген 14 мың шақырымдық құрлықтық мемлекеттік шекараға ие болды. Оның 7591 шақырымы – Ресеймен, 2351 шақырымға жуығы – Өзбекстанмен, 1783 шақырымы – Қытаймен, 1242 шақырымы – Қырғызстанмен, 426 шақырымы Түрікменстанмен түйісіп жатыр».

Нұрсұлтан Назарбаев  «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан, 296-бет

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында ең маңызды екі мәселе болса, оның бірі – қазақ тілінің жағдайы болды. Кезең-кезеңімен жүргізілген саясаттың арқасында қазақ тілінің үстемдігі бой алып келеді. Болашақта елдің 100 процентке жуығы қазақ тілінде сөйлейтін болады.

«2010-шы жылдары мемлекеттік тілді дамытуға байланысты үлкен міндеттер алға қойылды. Қазақстандықтарды, алдыңғы орында жастарды, тіл әлеуетін үнемі арттырып, байытып отыруға бағыт берілді. 2011 жылғы қаңтар айындағы Жолдауда 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесін 95 процентке жеткізу, ағылшын тілін білетіндердің санын 20 процентке дейін апару көзделді. Мен әрдайым қазақстандықтар үшін  үш тілді меңгеру – міндетті шарт екенін айтып жүрмін».

Нұрсұлтан Назарбаев  «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан, 435-бет

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабында 1990 жылдардан 2017 жылдың соңына дейінгі ел үшін ауқымды, маңызды оқиғалардың барлығы түгел қамтылған. Мазмұны бойынша кітап барлық оқырманға арналған.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу