Түркияның 32 облысында дақылдар мен жеміс ағаштары үсіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның 32 облысында дақылдар мен жеміс ағаштары үсіп кеткен

15.04.2025

Биылғы көктем Түркияның соңғы 30 жылдағы ең суық көктемі болды. Мамандар осылай деп отыр. Бірнеше күн бойы қалың қар жауып, ауа температурасы минус 15 градусқа дейін төмендеген соң елдің 32 облысында дақылдар мен жеміс ағаштары үсіп кеткен. Диқандар ел бойынша табиғи апат негізіндегі төтенше жағдай жариялау қажет дейді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы несиелерінің мерзімін кешіктіріп, пайызын азайту қажет деген де пікірлер айтылып жатыр. Себебі бірқатар диқандар үсікке ұрынған өнімдердің орнына жаңадан егу жұмыстарын бастамақ. Бұл үшін мемлекеттік резервтен тұқым бөлу мәселесін де қарастыруды талап етуде. Түркияның ауыл шаруашылығы министрі шұғыл жиын өткізіп, диқандарға жан-жақты көмек көрсетіледі деді.

Ибраһим Юмаклы, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары қазір нақты шығындарды есептеп жатыр. Біз егістіктері үсіп кеткен диқандарға жан-жақты көмек көрсетеміз. Елімізде 206 түрлі көкөніс, жеміс жидек пен ауыл шаруашылығы өнімдері өсіріледі. Дегенмен бидай, майлы дақылдар сияқты басқа да стратегиялық өнімдерге қатысты ешқандай қауіп жоқ. Тек қана жеміс-жидектерде біршама шығын бар. 

Айдос Әшім

Хабарламаларға жазылу