Биыл 30-ға жуық отандық кино прокатқа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 30-ға жуық отандық кино прокатқа шықты

28.12.2017

Бүгін - Халықаралық кино күні. Осыған орай отандық фильмдерді зерттеп көрдік. Биыл мемлекеттің қаржыландыруымен 40-қа жуық фильм жарыққа шықты. Олардың ішінде анимация, деректі және көркем фильмдер бар. Кино  қымбат өнім болса да, шағын кәсіпкерлер «Қазақфильм» сияқты ірі компаниядан қалысар емес. Отандық кино өнімі жыл санап көбейіп келеді.

2017 - отандық кино өнері үшін құтты жыл болды. 30-ға жуық көркем фильм көрерменге жол тартса, оның үшеуі мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Жыл басында көрермен назарына Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы желісімен түсірілген «Алмас қылыш» фильмі ұсынылды. Тарихи кино қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Керей мен Жәнібектің ізімен жүріп өткен режиссер Рүстем Әбдірашев бірқатар мәселенің басын ашып берді.

Рүстем Әбдірашев, «Алмас қылыш» фильмінің режиссері:

 - Тарихи кино көп қаржыны, зерттеуді талап етеді.

Қалың жұртқа ұсынылған тағы бір туынды - режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі. Фильмде 20-шы ғасырдың 30-шы жылдары Қызыл әскерден Ауғанстанға қашқан қазақ отбасысының ауыр тағдыры көрсетіледі. «Оралман» халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде бас жүлдені иеленді. 

Кинотеатрға жиі баратын - жастар. Демек, комедия мен мелодрама көбірек сұраныста. Ол әрине заман талабы. Мұндай жеңіл-желпі фильмдердің тәрбиелік мәні мен мазмұны кассалық түсімінен кейін тұратынына кейбір кинотанушылар алаңдаулы.

Назира Рахманқызы, кинотанушы:

- Редактор - көркемдік жағына жауап беретін адам. Ол жеке студияларда жоқ. Қазақ режиссерлері қазақ тілінде жақсы сөйлейтінін білеміз. Актерлары да қазақтілді, бірақ, неге екені белгісіз, орыс тілінде түсіріп жатады.

Жақсы болсын, жаман болсын көрермен өз бағасын беріп жатыр. Мұнда бір қуанатын жайт бар – экранда отандық өнім көбейіп келеді.

Шолпан Қаржасова, кинотеатр менеджері:

 - Қазіргі таңда көрермендердің арасында шетелдік фильмдерге қарағанда отандық фильмдердің сұранысы жоғары. Бізге табыс әкелетін де отандық кино.

Мәдениет министрлігінің мәліметіне қарағанда келер жылы кино қорымыз тағы да бірнеше фильмдермен толмақ. Ол үшін шетелдік киностудиялармен бірлесе жұмыс істелінген.   

Күміс Сейітова, ҚР МСМ заң қызметі департаментінің директоры:

- Келесі жылы шығатын «Композитор» шетел, Қытай тарапымен бірлесіп түсіріп жатқан фильм.  Ол Қытайдың әйгілі композиторы Си Синхай мен Бақытжан Байқадамов екеуінің достығы, шығармашылығы туралы. Голливуд компанияларымен бірлесіп 2 жыл түсіріліп жатқан фильм Әміре Қашаубаев туралы, «Париждегі ән» деп атағанбыз.

Киноға қатысты заң талқылауға ұсынылды. Егер келер жылы қабылданып жатса кино саласына айтарлықтай өзгерістер енеді. Түсірушілер де, прокатқа шығаратындар да салықтың кейбір түрінен босатылады. Көгілдір экранда көрсетілетін өзге тілді фильмдердің біреуі де қалмай қазақшаланады. Киностудияларға қойылатын талап та күшейеді. 

Әсел БАСШЫБЕК

Хабарламаларға жазылу