Басты Жаңалықтар Еліміздің жасампаз бейнеблогерлерін анықтайтын «Бейнебәйге» жобасы аяқталды

Еліміздің жасампаз бейнеблогерлерін анықтайтын «Бейнебәйге» жобасы аяқталды

Осыған орай өткен салтанатты кеште 11 номинация бойынша жеңімпаздар марапатталды. Талантты да талапты жас бейнеблогерлер мен танымал өнерпаздар қатысқан бәйгеде көптеген еңбек көрерменнің назарына ұсынылды. Солардың ішінде Ұлттық арна мен «Балапан» арнасы бар. Соңғысы үздіктер қатарынан көрініп, «Ютуб» желісінің «Күміс кнопка» иегері атанды.

Интернетпен көрерменнің жүрегіне жол тапқан танымал бейнеблогерлерді жанкүйерлері есіктен қошеметпен қарсы алды.

Зәкір Менағұл, жанкүйер:

- Осы жерге келген себебім, Yuframe-нің жанкүйерімін. Yuframe-нің жұмыстары өте жақсы.

Бұл байқау халықтың ықыласына бөленіп, өздерін мойындатып үлгерген тапқырлар үшін зор мүмкіндік берді. Олар - отандық интернеттің дамуына барынша үлес қосып жүрген талантты азаматтар.

Артур Асқарұлы, «Yuframe» тобының мүшесі:

- Марапаттың жүлделі орнына ие боламыз деп сенеміз. Алайда, біз бұл салаға енді келген жас бейнеблогерлерге қарсылас емеспіз. Керісінше, оларға барынша қолдау көрсеткіміз келеді.

Сондай-ақ, қызықты әрі пайдалы бағдарламаларымен ерекшеленетін «balapan» арнасы «Ютубтағы» үздік телеарна деп аталды.

Жанар Шәмел, «balapan» телеарнасының директоры:

- Еліміздегі жалғыз әрі тұңғыш балалар телеарнасы. Оны телеарнадан бөлек, «Ютуб» арнасында да мыңдаған көрермендер көреді. Оның бір куәсі «Қалқанқұлақ» туындысы. 3 миллионға жуық көрермен көрген.

Биыл 1500-жұмыстың ішінен тек 65-і іріктеліп, финалға жіберілді. Сондықтан, қазылар жас таланттарды барынша әділ бағалады.

Нұртас Адамбай, қазылар алқасының мүшесі:

- Еліміздегі талай өнерлі өреннің тағдырын шешетін болғандықтан, барынша әділ болуға тырыстым. Әзірге танымал бола қоймаған бейнеблогерлердің жұмысын қарап шықтық. Бірақ, шынымен де жасампаз әрі ерекше туындыларға жақтас болдым.

Бұл жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өтпекші. Себебі, биыл қатысып, үздіктер қатарына ілікпеген үміткерлер келер жылы бақ сынаймыз, деп отыр.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Бөлісу