Роза Рымбаева жеке заттарын музейге тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Роза Рымбаева жеке заттарын музейге тапсырды

29.11.2017

Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева туған жері Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейіне жеке заттарын табыстады. Олардың арасында өнер иесінің сахналық көйлегі, әр жылдары жарық көрген ән жинақтары мен түрлі басылымдардағы сұхбаттары бар. Дарын иесі мәдени мекемеге шығыс өңірімен байланысты жеке заттарын тапсырған. Мәселен, «Жарма ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі мен оның құжаттарын да экспозиция залынан көруге болады. Роза Қуанышқызының 1977 жылы халықаралық «Алтын Орфей» байқауында сахнаға киіп шыққан көйлегі музей қорында бұрыннан бар. «Ән көгінде тербелген жұлдыздың жеке заттары рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеп, әншінің шығармашылық мұрасын насихаттауға ықпал етері сөзсіз», - дейді музей қызметкерлері. Күллі қазақтың мақтанышына айналған өнер иесі биыл 60 жасқа толды. 

Айнұр Мұратхан, музей қызметкері:

- Ол кісінің балалық шағы Семей жерінде өткен болатын. Жеке заттары біздің экспозициямызда лайықты орын алып, ол кісінің өнерін сүйген, әндерін сүйіп тыңдайтын келушілерге үлкен қызығушылық болады деп ойлаймыз.

 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу