Интернетті қолданғанда жеке деректерімізді бөлісетініміз анық. Алайда ол деректер не үшін қажет? Бөгде адамдар оған қол жеткізе ала ма? Cookie файлдары деген не? Әріптесім Темірлан Нұржанұлының материалында.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Браузердегі бір веб-сайтты аша қалсаңыз cookie файлдарын пайдалануға рұқсат сұрайтын мынадай терезені байқаған шығарсыз. Келісім беріп, жұмысты жалғастырсаңыз, деректеріңіз сайт шартына сәйкес өңделеді. Бұл интернеттегі жұмысты ыңғайлы етіп, баптауларды сізге бейімдейді.
Веб-сайт әр қолданушыға cookie файлдарын жасап, оны өз құрылғысында сақтайды. Ол жерде логин, интерфейстің тілі, интернет-дүкенде таңдалған тауарлар сынды ақпарат болуы мүмкін. Сайттан шығып, қайта кіретін болсаңыз, құрылғы серверге ақпарат жіберіп, мәліметтеріңіз қалпына келеді. Одан бөлек, сізді қызықтарын контент ұсынып, жарнамалар шығарады.
Данабек Қалияждаров, IT маман, Astana Hub басшысының кеңесшісі:
Алдында мына жерде футбол көріп отырды, мына жерде есеп шығарып отырды. Мына жерде тамақ қарап отырды. Кешке ресторан таңдап отырды. Мына жерде әйеліне гүл қарап отырды деген 5 сайтыңды қайтадан шығарып береді. Сен оған қайта кіріп, жалғастыру керек емес.
Бұл интернет қолданушының жұмысын жеңілдететіні рас. Алайда қауіпсіздік мәселесіне де мән берген жөн.
Шыңғыс Ерболат, IT-маман:
Cookie файл тек ақпарат сақтау тәсілі боп табылады. Тек сіз қандай сайттарда немесе қандай қосымшаларда сіз қандай дерекпен бөлісесіз? Егер де карточка болса, өзіңіздің банктік карточкаңыз немесе өзіңіздің жеке ЖСН бөлісетін болсаңыз, мұқият болғаныңыз дұрыс.
Сондықтан түрлі сайт пен мобильді қосымшаны қолданбас бұрын, оның қауіпсіздік шартымен толық танысып өту керек дейді мамандар.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Қызығы, «сookie» сөзі ағылшын тілінен «піспенан» деген мағына береді. Файлдың дәл осылай аталуына қатысты болжам көп. Солардың бірі Гензель мен Гретель жайлы ертегі туралы. Хикая кейіпкерлері орманнан үйге адаспай жету үшін жолына нанның қиқымын тастап отырады. Цифрлы дәуірде біз де интернетте ізімізді қалдырамыз. Қауіпсіздік үшін оны қайда және қалай қалдыратыныңызға мұқият болған абзал.
Темірлан Нұржанұлы
