Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Қызылорда облысы Шиелі ауданында жаңа күн электр станциясы іске қосылды. Аймақ үшін ауқымды инвестициялық жобаны «Vigor Holding» компаниясы жүзеге асырып отыр. Баламалы энергия көзін өндіретін нысанға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы барып станция жұмысын бастап берді.

Әділбек Серікұлы, тілші:

30 гектар аумақта қаз-қатар 36 мың дана күн панельдері орнатылған. Мұнда табиғи жолмен жылына 31 млн кВт электр энергиясы өндіріледі.

Экологиялық таза қуат көзін өндіруге өңірде айрықша басымдық беріліп, бүгінде аймақтағы күн-электр станцияларының саны 11-ге жетіп отыр. Шиелідегі жобаны жүзеге асыруға «Қазақстанның даму банкі» қаржы құйған. Жеке инвестор мұнымен шектелмейді. Олар кезең-кезеңімен жалпы қуаттылығы 70 мВт болатын үш станция салмақ.

Марат Ұлданов, Vigor Holding компаниясының өкілі:

Дүниежүзі бойынша мұндай станциялар өте көп. Және өзінің жұмыс істеу қабілеттігін, тоқ өндіру қабілеттілігін дәлелдеген. Қазір сол 20 мВт іске қосылып, тоқ подстанциямен бүкіл Қазақстан желісіне беріліп жатыр.

Ал Еңбекші ауылының тұрғындары жол азабынан құтылды. Елді мекенге қатынайтын 4 шақырымнан астам автожол күрделі жөндеуден өтті. Аудандағы «Гежуба» цемент зауыты әлеуметтік жауапкершілік аясында жобаға 1,2 млрд теңге қаржы бөлген.

Сәрсенбай Бекжанов, ауыл тұрғыны:

23 жылдан бері біз бұл жолды көп айтып келдік. Соның шешімі биыл табылды. Үш қабат жүрді. Бетіне сеткасын салды. Сөйтіп діттеген мерзімінде аяқтап беріп отыр.  

Шиелі кентіндегі ескі спорт кешен қайта жаңғыртудан өтіп, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалды. Жас спортшылар күрес, бокс және үстел теннисі мен волейбол секілді үйірмелерде шеберлігін шыңдайтын болады.


Бөлісу