Жамбыл облысында су тазартатын кешен салынады
Тараз еліміз бойынша кәріз суын тазартатын кешені жоқ жалғыз қала. Салдарынан шаһардың сарқынды суы ашық даладағы сүзгі алаңдарына ағады. Енді қала билігі 48 млрд теңгеге арнайы кешен салатын болды. Нәтижесінде техникалық жолмен тазарған сумен алқаптарды суаруға мүмкіндік тумақ. Жаңа жоба жайлы Данияр Әлімқұл жалғастырады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Мұндағы өткір иіс өңешті тұтып, өкпені қабады. Мына 217 гектар аумақта дәл осындай 104 сүзгі алаңы бар. Барлығы аузына дейін толып тұрғандықтан апатты жағдайда. Өйткені қалада 70 жылдан бері су тазарту жүйесі жоқ.
Салдарынан қаланың сарқынды суы Жамбыл ауданының жеріне сіңеді. Химиялық қалдығы бар шайындыдан құтылудың жалғыз жолы сол жер астына жіберу әдісі болып тұр. Бірақ мұрын жаратын мүңкіген иіс айналасындағы 4 ауылдың тынысын тарылтқаннан бөлек құдық суының да құрамын бұзған.
Нұрсұлтан Оспанов, Қостөбе ауылының тұрғыны:
Кесірі біраз жерге тиіп жатыр. Иісі бар басқасы бар. Шығып жатқан судың өзі, бұлақ судың өзі бізде нашар болып шығады.
Райхан Сәрсенбекова, Қостөбе аулының тұрғыны:
Барлық химикат жаман заттардың барлығы осы жаққа тасталынады ғой. Кейбір кезде түнгі сағат 1-2 лерде ащы бір иіс келеді. Тамақты ашытады. Өзіміздің жөтеліміз бар. Одан бетер бронхысы астмасы барларға да қиын.
Тұндырма бассейндер талап бойынша тәулігіне 43 мың текше метр кәріз суын қабылдауы тиіс. Алайда бүгінде мұнда 60 мың текше метр сарқынды су құйылып жатыр. Шаһардан шыққан шайынды шамадан тыс кеп жатқандықтан соңғы 8 жылда қосымша 20 сүзгі алаңы салынған. Сонда да мәселе шешілмей, жер асты суы ластанып жатыр.
Сүзгі алаңдарының жүктемеден тыс су түсуіне байланысты Аса өзеніне құйылу қаупі жоғары болып тұр. Жер асты су деңгейі төмендігіне байланысты Жамбыл ауданы бойынша 4 ауыл Қостөбе, Бірлесу Еңбек, 27-разьезд ауылдарының жерасты сулары ластану қаупі жоғары деңгейде.
Қазір жиналған сарқындының жалпы көлемі 30 млн текше метрге жеткен. Әкімдік мәселені шешу үшін енді екі жылда 48 млрд теңгеге су тазарту кешенін салмақ. Әзірге 750 млн теңгеге жуық қаржыға сметалық жобасын жасап, мемлекеттік сараптамаға жіберген.
Бақытжан Орынбеков, қала әкімі:
3 сатыдан тұрады. Бірінші саты ол техникалық тазалау. Екіншісі биологиялық тазалау. Үшіншісі ультра фиолеттік тазалау. Бұл енді классикалық бүкіл дүние жүзінде пайдаланып жатқан технология. Біз сол технологияны негізге алып отырмыз.
Нысанда бастапқыда 80 мың текше метр кәріз суы тазартылса, кейін көлемін 120 мың текше метрге жеткізу жоспарда. Ал техникалық жолмен тазартылған суды өндіріс орындарына жіберіп, өсімдік суаруға пайдаланбақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы