Басты Жаңалықтар Түркістанда республикалық құсбегілер сайысы өтті

Түркістанда республикалық құсбегілер сайысы өтті

Түркістан облысында республикалық құсбегілер сайысы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 70-ке жуық саятшы қатысты. Олардың арасында бұрымды арулар да бар. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жарысқа қатысушылар үш күн бойы құстарының бабы мен бағын сынады.

Ата-бабадан мирас болып жеткен ұлттық спорт додаға қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келген. Мәселен Аяжан Даярқызы осы додада «Алтын» және «Арын» атты екі қыранын жарысқа қосты.

Аяжан Даярқызы, құсбегі:

Ер балалар не десе де, күші көбірек болады ғой қыздарға қарағанда. Басында бүркітті көтере алмай қолымыз ауыратын, ұшыра алмайтынбыз. Уақыт өте келе қолымыз да, өзімізде үйрендік. Бірақ жарыста көріп тұрғандарыңыздай ер адамдар көбірек.

Ал жамбылдық Болат Нұрдос бекзада өнерді бір жыл бойы меңгеріпті. Қолындағы құсын өзінің бапкері сыйлағанын айтады.

Болат Нұрдос, құсбегі:

Қолымдағы құс - қаршыға. Биылғы балапан. Аты - Қоймас. Осы чемпионатқа келіп, өзіміздің бағымызды сынаймыз деп отырмыз. Бұйырса орын аламыз деген ойдамыз.

Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен құсты ұшырып, қайта қолға қондыру әдісі қаралды. Кейін шырға тарту және қырындардың аң алуы сыналды. Жалпы ұйымдастырушылардың айтуынша, жылдан жылға құсбегілердің қатары артып келеді. Әсіресе жастар жағы белсенді.

Бағдат Мүптекеқызы, «Құсбегі» федерациясы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті:

Бұрындары құсбегілердің ең жасы 60-та, үлкені 90-да еді. Республика бойынша 20-ға жетпейтін құсбегі болатын. Қазір жастардың үлесі 80-90 пайызы, оның ішінде ителгі, қаршыға, сұңқар тектес құстарды қолға үйретіп жүр.

Жарыста жас қатысушыларға ерекше көңіл бөлінді. Себебі олар бүркіт ұшыру кезінде белсенділік танытты. Сайыс қорытындысына сай барлық жеңімпаздар қаржылай жүлдемен марапатталды.

Айнұр Әбілқасымқызы


Бөлісу