Бүгін Мәжілісте құтқарушыларды баспанамен қамтитын заң бірінші оқылымда мақұлданды. Мақсат – қандай да бір төтенше жағдай, апат болғанда халыққа жедел жететін сарбаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, қолдау көрсету. Тиісті заңға бірнеше өзгеріс енгізілмек. Жаңа нормаға сәйкес, енді төтенше жағдайлар органдарының келісімінсіз, тоғыз қабаттан жоғары ғимараттар пайдалануға берілмейді. Самал Қабышева толықтырады.
Самал Қабышева, тілші:
Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көтерме және тұрғын үй жәрдемақысы төленеді. Яғни құтқарушылар да тұрғын үй төлемдерін алатын болады. Азаматтық қорғау органдары мамандарын ынталандыру мақсатында осындай жағдай жасалмақ. Бұл мүмкіндік оларға және олардың отбасы мүшелеріне қарастырылған. Яғни қоныс аудару бойынша да жәрдемақы төленеді. Оның ішінде мүлікті тасымалдау, жол жүру шығындарын өтеу қарастырылған.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Жалпы алғанда тұрғын үй төлемдері мен үстемеақыларды белгілеу, білікті мамандарды тартуға және олардың тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ, олардың қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі.
Самал Қабышева, тілші:
Сондай-ақ, төтенше жағдай жарияланған аймақтарда жұмыс істегені үшін үстемақы белгіленеді. Үстемақы ақшалай қаражаттың 3 еселенген мөлшерінде төленеді. Ал еңбек өтілінің бір күні үш күнге есептеледі.
Зардап шеккендерге оңалту орталықтарына барып, емделу қарастырылған. Ал сала мамандарының жалақылары келер жылдан бастап 10 пайызға көтеріледі. Дегенмен заңның кемшін тұстары бар. Мәселен, төтенше жағдайлар қызметкерлері өндіріс орындарын ескертусіз тексере алмайды. Депутат Еділ Жаңбыршин осы мәселені көтеріп, түзету енгізуді ұсынды.
Еділ Жаңбыршин – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мен көптеген осы салада жүрген мамандармен сөйлестім, бізден қолымызға акт аламыз, барамыз, егер біз актіде көрсетілмеген қатені көріп қалсақ, оны актіге жаза алмаймыз дейді. Себебі біздікі құқықбұзушылық болады дейді. Ал оны жазбасақ, өндіріске қауіп төнуі мүмкін дейді. Қараңыздар не істеп қойғанын. Неге біз шағын кәсіпкерлік деп желеу етіп, адамдардың өмірімен ойнаймыз? Сондықтан Төтенше жағдайлар министрілігіне құзірет беруіміз керек.
Сонда ғана апат та, адам өлімі де, жарақат та азаяды деді депутат. 2024 жылы өндірісте 1408 жұмысшы зардап шеккен. 202 адам қаза тапқан.
Самал Қабышева, тілші:
Мәжіліс депутаттары азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жоба Мәжіліске 2023 жылдың қазан айында түскен болатын. Жұмыс тобының 19 отырысы өтіп, негізгі 10 мәселені шешуге бағытталған 4 кодекс пен 17 заңға түзетулер енгізілді.
Самал Қабышева