Ақсу-Жабағылы қорығында аң мен құстың санағы басталды
Түркістан облысындағы Ақсу-Жабағылы қорығының қызметкерлері аң мен құстың күзгі санағына кірісті. Мамандар жабайы жануарлардың көбейгенін немесе азайғанын нақтылап, олардың қысқа дайындығына бақылау жүргізеді. Табиғаты тамылжыған қорықты қызықтау үшін еліміздің әр өңірінен арнайы келетіндер көп. Соңғы жылдары шетелдік саяхатшылар қатары артқан.
Жасырын камераны қызықтап тұрған бұл қонжық Ақсу-Жабағылы қорығының жабайы тұрғыны. Жасырын таспаға түсіп қалған жануар қазір қысқы ұйқыға дайындалуда. Бұдан бөлек тау бөктерінде көбіне арқар мен тау ешкілері де жиі таспаға түсіп қалады. Бүгінгі таңда қорық аумағын 42 түрлі аң мен 200-ден астам құс мекендейді. Ал күзгі санақ жүргізу барысында мамандар аңдарды барынша есепке алуға тырысады.
Сматулла Жұманов, Ақсу-Жабағылы қорығы директорының орынбасары:
Кестелер бойынша әрбір нүктеде қызметкер өзі көргенін, уақытын, қай бағытта кетті, қай бағыттан шықты, саны, аталық, аналық, төлі, осының барлығын фиксация етіліп кесте толтырылады. Сонымен ол кестелер жиналып, бұлардың нақты саны анықталады.
Қорықта бұдан бөлек мыңнан астам ағаш жән өсімдіктердің де бай қоры бар. Оның 41 түрі «Қызыл кітапқа» енген. Жабайы қызғалдақ, дәрілік жусан, рауғаш пен арша да осы аймақтың қазынасы саналады. Мамандар соңғы уақытта жоғалып кету қаупі жоғары өсімдіктердің керісінше көбейіп жатқанын айтады. Ақсу-Жабағылының табиғаты тек өсімдік пен жануарлар әлемімен ғана емес, құстардың сан алуандығымен де ерекше. Мұнда ұлар, бүркіт, бұлбұл және қызылқұйрық сияқты құстар жиі кездеседі. Содан болар, қорықты тамашалауға жыл сайын үш мыңнан аса саяхатшы келеді.
Жалын Құттыбаев, саяхатшы:
Табиғаты керемет, әдемі. Осындай жер көп болса, қорық болған жақсы екен. Ауасы таза, керемет жер. Туризмді дамытамыз деп жатыр. Туризмнің бір бағыты - «Ақсу-Жабағылы».
Туристердің базбірі таудағы ағаш үйде түнеп, бірнеше күн демалысын осында өткізеді. Қорықта олар үшін 10 экскурсиялық бағыт жасақталған. Келушілер қорық мамандарымен бірге арнайы көлікпен немесе атқа мініп саяхаттайды. Осындай жауһар дүниелерді көпке таныстырып, шетелдіктерді қызықтыру үшін қорық басшылығы келешекте туристік инфрақұрылымды барынша жетілдіріп, кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы