Басты Жаңалықтар Өткен 9 айда 40 мың адам инсульт алған

Өткен 9 айда 40 мың адам инсульт алған

Жыл сайын әлемде 13 миллионнан астам адам инсульт алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, оның жартысына жуығы қайтыс болады. Ал Қазақстанда өткен тоғыз айда 40 мың тұрғыннан осы дерт анықталған. Науқастардың көпшілігі егде жастан асқан. Дәрігерлер инсульт соңғы кезде жастар арасында да кездесіп жатқанын айтады. 

Қосшы қаласының тұрғыны Жұмабай Сәбиевтің осымен бұл үшінші рет инсульт алуы. Бұған дейінгі екеуінде мән бермеген. Бұл жолы оң аяғы мен қолы жансызданып, ауруханаға жеткізілген.

Жұмабай Сәбиев, Қосшы қаласының тұрғыны:

Бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Ауырған жоқ. Сосын әйелім айтты: «Бұл инсульт қой, ауруханаға бару керек», - деді. Алып келгенде тексерсе, шынында да осылай екен. Мен дәрігерлерден үйге қайтамын ба деп сұрадым. Жоқ, үйге қайтпайсыз, бұл үшінші рет болып жатыр екен ғой деді. Қазір мына эспандермен жаттығып, жүріп жатырмын. Система қойып жатыр, қан тазалап жатырмыз.

Министрлік өкілдері жыл басынан бері инсульт алған 5 мыңдай науқастың көз жұмғанын мәлімдеді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіш. Мамандар мұны аурудың алдын алу шараларының ширағанымен байланыстырды.

Бүгінгі Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай еліміздің әр аймағында ашық есік күні өтті. Тұрғындар қандағы глюкоза мөлшерін анықтап, дәрігерлерден тегін кеңес алды.

Инсульттің негізгі себептері: жоғары қан қысымы, қант диабеті, холестерин мөлшерінің шамадан тыс көп болуы, семіздік, дене белсенділігінің аздығы, темекі, алкоголь тұтыну.

Жанель Бәкірова, ҰШМҮО Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығы басшысының міндетін атқарушы:

Күнделікті қант пен тұзды тұтынуды азайту керек. Физикалық белсенділікті арттырып, жаттығу жасауды әдетке айналдырған жөн. Сондай-ақ жыл сайынғы медициналық скрининг өтуге кеңес береміз, бұл өте маңызды. Бұл ауруды асқынбай тұрған кезде анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.

Қазір елімізде инсульт алғандарға көмектесетін 85 орталық бар. Дәрігерлер инсультті емдегеннен гөрі алдын алған жөн дейді. Өйткені елімізде өлім дерегі бойынша инсульт жүрек ауруларынан кейін екінші орында тұр. 


Бөлісу