Иә, алдағы уақытта қалдықтарды қайта өңдеу өнеркәсібі өркендемек. Ал қазіргі жағдай мәз емес. Полигондар қоқысқа толы. Ұзақ жатқан үйінділер ауаға зиянды заттар бөліп, экологияны ластап жатыр,-дейді экологтар.
Өңдеу өнеркәсібі өркендейді
Астанада құрылыс қарқынды. Сондықтан да болар қоқыста құрылыс материалдары да, тұрмыстық қалдықтар да араласқан күйде жатады. Оны сұрыптап, кәдеге жарататын алаң да тек, Астанада ғана бар.
Азамат Ибраев, кәсіпорын жетекшісі:
Құрылыс заттарын сұрыптап, қайта өңдейтін мұндай алаң өзге өңірлерде жоқ. Біз мысалы өткен жылы 300 мың тонна қалдық қабылдадық. 1 жылда 300-ден астам келісімшарт жасадық. Біз қалдықтарды ұнтақтап, ойық жерлерге төгеміз. Осылайша, ойықтарды, карьерлерді тегістейміз.
Жыл сайын елде 4,5 млн тонна қоқыс жиналады. Оның 25 пайызы ғана қайта өңделіп, қалғаны полигонға төгіледі. Елде 3000 полигон бар бірақ, көбі толып тұр. Салдарынан рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері көбейді. Былтыр осындай 5 мыңға жуық орын анықталған.
Азамат Айябергенов, эколог:
Шыны керек, қазір елде қоқыстарды сұрыптап, қайта кәдеге жарату ісі ілгерілемей тұр. Салдарынан полигондар толып кетіп жатыр. Ол қалдықтар жинала бергендіктен, ауаға зиянды заттар бөлініп, экологияға кері әсерін беруде. Қайта өңделмеген соң, амал жоқ, полигонға жіберіледі. Сондықтан, әзірше қоқыс тастайтын орындар болғаны дұрыс.
Саланы реттеу үшін сала министрлігі 65 жобаны қаржыландырмақ. Жоспар бойынша қоқысты сұрыптап- өңдеуді 30%, өртеуге жіберетін қоқысты 20%- ға арттырмақ. Ал, қалған 50% қоқыс полигонында сақталмақ. Яғни, қалдықтарды қайта кәдеге жарататын шағын кәсіпорындар жұмысын бастаса, полигонға жіберетін қалдық азаймақ.
Абылай Алмұханов, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:
Ең бастысы полигондардың санын азайту, полигонға түсетін қалдықтарды азайту. Яғни бізде полигондардың санын көбейту деген мақсат жоқ. Әрине жекелеген өңірлерде полигондар керек қой енді. Жобаның 28-і тоқ шығаратын көлікті шығаруға бағытталған. 21 жобасы сұрыптық желілілерді сатып алуға бағытталған. 45 жобасы қайта өңдеуге бағытталған.
Қалдықты кәдеге жарату бойынша пластиктер, макулатуралар мен өзге де қатты заттар пайдаланылмақ. Одан түрлі тұрмыстық заттар немесе басқа да керек-жарақтар жасалады. Сондай-ақ, қоқысты өртеу арқылы энергия көзін алу жоспарда бар. Бірақ, жобаны жүзеге асыруға біршама уақыт керек.
Динара Жарқынбек