«Келешек» бағдарламасының мүмкіндіктері көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Келешек» бағдарламасының мүмкіндіктері көп

13.01.2025

7,5 млн теңге. «Келешек» бағдарламасы арқылы балаңыздың біліміне осынша қаражат жинауға болады. Шарты қарапайым. Шот ашасыз. Алғашқы жарна мемлекеттен төленеді. Яғни, 240 мың теңге көлемінде қаражат шотқа түседі. Ал баланың оқуына ай сайын 8 мың теңгеге жуық қаражат салып отырса жеткілікті. Тіпті, бұл қаражатты жылына бір рет бірден салса да болады. «Келешек» бағдарламасының мүмкіндіктері жайлы Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

«Келешек» - баланың оқуына қаражат жинауға мүмкіндік беретін бағдарлама. Жоба – ата-аналарға міндеттелмейді. Ерікті түрде жүзеге асады. Ерекшелігі баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады.

Шарты қарапайым. Бес жастағы балаға есепшот ашу қажет. Ол екінші деңгейлі банк немесе сақтандыру компаниясы арқылы ашылады. Дәл осы шотқа алғашқы төлем мемлекеттен түседі. Қаржы мөлшері 60 айлық көрсеткіш көлемінде болады. Ал, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бұл төлем көлемі екі есеге көп.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасы:

Жақында ғана Мемлекет басшысы Келешек бағдарламасына қол қойып, бұл заң қабылданды. Келешек бағдарламасы 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында бірінші шілдеге дейін жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз. Мысалы, бала 18 жасқа келгенде оның шотында 7,5 млн-нан аса қаражат жиналады екен.

Ал осы 7,5 млн теңге жиналу үшін не істеу керек? «Келешек» есепшотына ата-ананың бір жылда құятын қаражаты 24 АЕК көлемінен төмен болмауы тиіс. Бұл шашамен 95 мың теңге. Ал, бұл қаражатты әр айға бөлсеңіз, 8 мың теңге шамасында ғана шығады. Яғни, шотқа ай сайын 8 мың теңге көлемінде қаражат салып отыру керек. Тіпті, 12 ай бойы жинақтап, бірден де салуға болады. Ал қаражатты сіз балаңыздың болашағына, біліміне саласыз. Қаржылық сауаттылығыңыз артады. Қаражатты толықтырғаныңыз үшін мемлекеттен де, есепшотты ашқан жерден де сыйақы төленеді.

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Мемлекеттік қолдаудың шарасы аясында балалар елде ғана емес, шет елде де білім ала алады.

Қарлығаш Қалыбекқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы:

Бала мектеп бітіргеннен кейін білім грантын жеңіп алған жағдайда,жинақталған сомманы магистратурада, докторантурада, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе өзінің іні-қарындастарына үшінші тұлғаға беруге құқылы.

Самал Қабышева, тілші:

Ескеретін жайт, баланың бес жасында Келешек жобасы бойынша шоты ашылса, сол шотты аштырғаныңыз үшін, тегін түрде мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жүргізеді. Бұл шамамен 240 мың теңге. Бірақ мұндай мүмкіндік тек бес жасында шоттары ашылған балаларға қарастырылған. Ал, бала жасы 7,8,10 жаста болып, оған шот ашылса ондай төлемді мемлекет жүргізбейді. Сондықтан, балаңыздың білім қорындағы қаражаты көп болсын десеңіз, 5 жасынан қамданыңыз. Бұл жерде ұтпасаңыз, ұтылмайсыз.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу