«SuperStar KZ» жобасына іріктеу аяқталды
Аты аңызға айналған, миллиондаған телекөрерменнің көзайымына айналған «SuperStar KZ» мегажобасына іріктеу кезеңі толық аяқталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 2 800-ге жуық үміткер тіркелсе, оның мыңнан астамы онлайн форматта қатысуға өтініш білдірген. Жоба әлемге танымал британдық Pop Idol форматы негізінде әзірленген. Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, аз уақыт ішінде көрерменнің зор ықыласына ие болған еді. Енді «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы бұл ауқымды жобаны жаңа тыныспен қайта ұсынбақ.
Жаңарған маусым – жаңа мүмкіндіктер алаңы. «SuperStar KZ» биыл да өнерге құштар жастардың үмітін үкілеп, талай таланттың бағын сынады.
Музыкалық шоуға 16-25 жас аралығындағы
мыңдаған үміткер қатысты. Іріктеу еліміздің ірі 9 қаласында – Шымкент, Ақтау, Ақтөбе,
Семей, Павлодар, Қостанай, Астана, Қызылорда және Алматыда өтті. Ал онлайн
іріктеу 30 сәуірге дейін жалғасады, дейді ұйымдастырушылар.
Нұргүл Нұғман, «SuperStar KZ» жобасының музыкалық продюсері:
Мұндай жобалар көбірек болсын. Өйткені жастарға жол береді. Содан кейін өте жақсы мектеп мұндай жобалар. Өйткені, бұл жобада күннен-күнге өсе береді. Әртіс болу қиын, оңай емес. Сондықтан әндерін де реттейді. Өздерін де реттейді.Репертуарын да көбейтеді. Менің ойымша бүкіл Қазақстан күтіп жүр.
Кастинг кезеңінен сүрінбей өткен қатысушылар енді үлкен сахнада өз бақтарын сынауға дайын. Олардың арасында табиғи дарынымен көзге түскендер де, кәсіби білімін шыңдап жүрген музыканттар да бар.
Мансұр Нұржанов, қала тұрғыны:
Менің осы әнім секілді 30 шақты авторлық өлеңдерім бар. Бұдан бөлек сөзі мен әнін жазамын. Сөзін жазған 135 шақты шығармам бар.
Қатысушылар үшін бұл жоба – тек байқау емес, үлкен тәжірибе мектебі. Олар сахна мәдениетін меңгеріп, кәсіби бағыт-бағдар алады. Ал танымал жоба жаңа есімдерді танып, шынайы таланттарды танытуды көздейді.
Ләйлә Сұлтанқызы, қазылар алқасының мүшесі:
«SuperStar KZ» ол қаншама жастарға мүмкіндік берген жоба. Қазылардың негізгі жұмысы алғашқы іріктеуді өткізу және телевизиялық жобада кеңес айтып бағыттау. Ары қарай көрермен өзіне ұнаған жанды таңдайды. Бізге де қызық! Көрермен кімді таңдайды екен.
Көпшілік асыға күткен жоба күзде эфирге шығады. Жаңа маусымда көрерменді жаңаша формат, тартысты кезеңдер және сахнада өз талантын дәлелдеуге дайын жас өнерпаздар күтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы