50 000 бас мал бордақылауға арналған кешен ашылды
Орталық Азияда МЕГА ферма Түркістан облысының Қожатоғай елді мекенінен ашылды. Жалпы жер көлемі 2900 гектардан асатын шаруашылықта қазір 30 мың бас қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қаралар бар. Ірі жоба мемлекеттің қаржылай қолдауымен және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асып жатыр. Бұл бастама Түркістан облысының аграрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін бермек.
Жобалық құны 16 млрд теңге болатын алып мал бордақылау кешені 50 мың басқа арналған. Аустралиялық технология негізінде «торлы» қоршау әдісімен салынған. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, әр қоршаудың ішіндегі мал жасы мен салмағына қарай топтастырылған. Кешендегі барлық өндірістік жүйе толық автоматтандырылып, халықаралық биоқауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілген. Мамандар малды азықтандырудан бастап, ұстау, ветеринарлық қолдау, күйзеліс жағдайын төмендету және өнімділігін арттыруға мән берілгенін айтады
Сырым Ертаев, Инвестор:
Бірінші кезең бітті. Екінші кезеңнің құрылысы басталды. Ол шілде айының аяғына дейін аяқталады. Ал тамыз, қыркүйек, қазан айынан бастап сатып алуды бастаймыз. Жылдың соңына дейін малды толтырамыз. Малдың бәрін Қазақстаннан сатып аламыз. Сондықтан бұл мемлекетке, халыққа да өте тиімді. Өте үлкен өндірістік цикл құрылады.
Шаруашылықтағы малды емдеп, тексерістен өткізетін арнайы орындар бар. Барлығы дерлік заманауи құралдармен жабдықталған. Сандық технологияға негізделген аппараттар ірі қараға қатысты барлық мәліметті лезде шығарып береді.
Исмайыл Рахымбердиев, мал дәрігері:
Бұл екі ортадан мал өткен кезде сканерлеп алады чип арқылы. Оған салынған вакцинасы туралы, тірідей салмағын маниторға шығарып тұрады. Сол арқылы біз қай уақытта не салынғанын біліп отырамыз. Екіншіден, оның мерзімі қашан келетінін біліп отырамыз.
Мега фермаға жасанды интеллекті кезең-кезеңімен енгізіледі. Негізі, мыңдаған бас іріқараны бір мезгілде тексеріп шығу үшін жүздеген мал дәрігері қажет. Ал мұнда оны ақылды дрондар атқарады. Соны ұшырып, малды санайды. Тіпті дрондар малдың алдындағы жемі мен оны жегені жайында ақпарат беріп отырады. Яғни қораларды ветеринар жаяу араламайды. Қазір дайын ет өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп жатыр. Одан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда. Алдағы уақытта Түркия мен Ауғанстан нарығына шығу жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы