Басты Жаңалықтар Үкіметте жазғы лагерьге дайындық пысықталды

Үкіметте жазғы лагерьге дайындық пысықталды

Алғаш рет жазғы лагерьлерге медициналық стандарт енгізіліп, жаңа тамақ мәзірі әзірленіп жатыр. Су мен тамақ сапасына ерекше назар аударылады. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жасыл сабақтар» экологиялық жобасының элементтерін жазғы бағдарламаларға енгізіледі. Бұл арқылы балалар табиғатты кітаптан емес, тікелей тәжірибе арқылы таниды. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ішкі істер министрлігі лагерь қызметкерлерін тексеруден өткізеді. Баламен жұмыс істейтін барлық маманға талап күшейеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл жазғы демалыспен 3,2 миллион бала, яғни оқушылардың 86,2 пайызы қамтылады. Бүгін Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен республикалық штаб отырысында балалардың осы жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Енді талапқа сай емес лагерьлерге лицензия берілмейді.

Жұлдыз сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Білім бағдарламаларын енгізіп тұрмыз. Бұған дейін білім бағдарламалары мүлде қарастырылмаған. Тек қана ойын-сауық және демалыс деп қарастырылған. Биыл алғаш рет біз білімді қосып тұрмыз. Яғни, келген балалар келген бетте тест тапсырып өздерінің әлсіз тұстары бойынша бәрін үлгермей жатқан тақырыптарын үйренуге мүмкіндік қарастырғымыз келді.

Ақмарал Әлназарова ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Алғаш рет лагерьлердегі медициналық қызметті лицензиялау, сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерьлерінің дәрігерлері мен мейіргерлеріне арналған балаларды медициналық қамтамасыз ету және сауықтыруды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, жаңа Тамақтану стандартының талаптарына сәйкес балалар сауықтыру ұйымдарына арналған перспективалық мәзір нұсқалары әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты осы жылдың 10 мамырына дейін аяқтау жоспарланған.

Жиынды қорытындылай келе, Аида Балаева жазғы демалыс бағдарламаларының мазмұнын сауықтыру, спорттық, мәдени, экологиялық және танымдық іс-шараларға басымдық бере отырып толықтыруды тапсырды. Жаз баланы оқытатын  емес, сергітетін уақыт. Сондықтан,  лагерь – екінші мектеп болмауы тиіс. Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жауаптыларға осындай ескерту жасады.

Бөлісу