Жаңа жылдан бастап, жылжымалы зообақтар мен көшпелі цирктердің жұмысына тыйым салынады. Яғни, аң-құсты жүк көлігіне тиеп алып, ауыл-аймақты аралауға болмайды. Енді зообақтағы жануарларды қайта бейімдеу үшін, алдымен арнайы оңалту орталықтарын ашу қажет. Алматылық ветеринар мамандар осындай ұсыныс айтып отыр. Жаңа өзгерістерді орындауға жылжымалы зообақ пен цирк өкілдері дайын ба?
Елімізде үш мемлекеттік цирк жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең үлкені – 55 жылдық тарихы бар Алматы циркі. Өнер ордасының мақтанышы – каскадер аттар. 18 жылқы осыған дейін ел ішін аралап өнер көрсетіп келді. Себебі, жануар қатысқан қойылымда зал көрерменге толы болады, дейді мекеме басшысы.
Айдана Қуантхан, тілші:
Қазір Қостанай есімді жылқы сахнаға шығуға әзір. Бұл жануар осы циркте 4 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. «Қар патшайымы» қойылымынан бастап цирк репертуарындағы барлық спектакльде түрлі трюк жасап, көрермен көзайымына айналған.
Енді бұл жылқылар тек Алматыда ғана өнер көрсетуі тиіс. Себебі жаңа жылдан бастап жануарларды қорғау күшейтіліп, көшпелі циркке тыйым салынады.
Мақсат Жайықов, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры:
Арнайы көліктермен тасымалдаймыз. Ондағы көліктердің жүру графигі бекітіледі. Көліктің ішіндегі температурасы қадағаланады. Бір жануарды күтіп бағу үшін, үш адам көмектеседі, қарайды.
Сондай-ақ жаңа заңға сәйкес жылжымалы зообақ жұмысына да шектеу қойылады. Мәселен, Ақтаудағы көшпелі бақтағы арыстан, жолбарыс, аю, түлкі, қасқырлар жыл аяғына дейін ғана ауыл-аймақты аралайды.
Марат Мусайлян, көшпелі зообақ басшысы:
Айдың соңына дейін жұмыс істейміз. Он күннен соң мұндағы жануарларды еліміздегі стационарлық зообақтарға тапсырамыз. Қазір 9 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Енді заңға сәйкес бұл салада жұмыс істей алмаймыз.
Ветеринария саласының маманы Қанат Орынханов көшпелі зирк пен зообақтың жұмысын шектеуді құптайды. Себебі, жануарлар түрлі климатқа тез бейімделе алмайды. Ауырып қалса дер кезінде емдейтін маман да болмауы мүмкін.
Қанат Орынханов, ветеринария ғылымдарының кандидаты:
Кез келген тасымалдау, ол үлкен стресс. Стресс болғаннан кейін оның иммундық жүйесіне дұрыстап қарау керек. Бұлар адамға қарап қалған, адамға тәуелді. Өз бетімен азық таба алмайды. Яғни, ешқандай сыртқы ортада өмір сүру қабілеті жоқ. Соған байланысты бұларға реабилитациялық орталық қажет болады.
Жануарларды қорғайтын норма жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал заңды елемегендерге теңге көлемінде айыппұл салынады.
Айдана Қуантхан