Қазақстанның ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық ету мерзімі сәтті өтті. Белгіленген жоспарлар мен жобалардың барлығы жүзеге асты. Қазақстандық сарапшылар, саясаттанушылар осылай деп отыр. Бұл жолы ұйымға мүше мемлекеттер үшін ғана емес, жаһан үшін маңызы бар жұмыстар атқарылды. Енді бір айдан соң төрағалық ету міндеті Қырғыз Республикасына тапсырылады.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы 1992 жылы құрылған. Содан бері 38 саммит өтті. Бүгін Президенттер 39-жиында бас қосты. Ұйым әскери бағытта ғана жұмыс істемейді. Азық түлік қауіпсіздігі, сауда-саттық, мүше мемлекеттердің үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен байланысын реттеуге де үлес қосады.
Жомарт Симтиков, саясаттану ғылымдарының докторы:
Қазақстан Республикасының бұл ұйымға төрағалық етуі біріншіден, бұл ұйымның беделін арттырды деуге болады. Екіншіден, бұл ұйымның өзіндік жұмысы бүгінгі таңда қалыптасқан ұйым ретінде, интеграциялық ұйым ретінде ықпалдастықтың алдына қойған мақсаттарына қол жеткізе алатындай қызметтер атқарып жатыр.
Ұйымға төрағалық ету міндеті жыл сайын ауысып отырады. Әр ел жалпы жұмыстардан бөлек басымдық беретін негізгі міндеттерді айқындап, сол бағыттағы жұмыстарды ширатады. Бұл ұйымның маңыздылығы мен абыройын көтеруге үлес қосады. Қазақстан 2024 жылы мына мәселелерге басымдық берген.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Шекара қауіпсіздігі мәселелері, жалпы онда қойылып жатқан мәселелер, мынау есірткі трафигі дейді, шекарадан шекараға таратылып жатқан есірткі, болмаса терроризм мен экстремизмнің алдын алу мәселелері. Қазір жаһандық мәселелермен бірге қауіпсіздіктің алдын алу, оны болдырмау қаралады деген күн тәртібінде сондай мәселелер тұр.
Қазіргі уақытта ҰҚШҰ құрамында Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан мүше. 2026 жылға дейін ұйымның бас хатшысы қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарады.
Оңғар Алпысбайұлы