Заңгер: Қайырымдылық қорлары әр алты ай сайын есеп беруі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңгер: Қайырымдылық қорлары әр алты ай сайын есеп беруі тиіс

22.11.2024

Қайырымдылық қорларын әр алты ай сайын қаржы есебін беруге міндеттеу керек. Сол кезде ғана алаяқтықтың жолы кесіледі. Алматылық заңгерлер осындай ұсыныс айтып отыр. Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігі тексеріс кезінде қайырымдылыққа деп жиналған 6 млрд теңгенің 2 млрды алаяқтардың қалтасына кеткенін анықтаған. Мұқтаж жандарға деп ақша жинап, өз пайдасына асыратындарға тосқауыл бар ма ? Қорлардың жұмысын бақылау үшін не істеу керек? 

Қайрат Төлендиев көктемде онкологиялық ауруға шалдыққан егіз ұлының еміне ақша жинап бастаған. Қос балапанының суретін әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін араға уақыт салып алаяқтар айласын асырған. Олар бүлдіршіндердің аты мен диагнозын пайдаланып, халықтан бір айда 32 млн теңге жинап үлгерген.

Қайрат Төлендиев, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:

Біздің реквизитті алып тастап, өздерінікін қойды. Көрші-қолаң, туған-туыс, Айман Т деген кім? біз саған ақша салып тастадық. Ол кім деді? Ең бірінші әке-шешесіне хабарласып, көз жеткізу керек.

Қазір алып шаһар - Алматыдағы қоғамдық көлік пен адам көп жиналатын орындарда қайырымдылық үшін деп ақша сұрайтындар көп. Олардың дені – жасөспірім.

Бұл істе жүйелілік және ашықтық керек, дейді заңгер Кәмшат Шынтекова. Оның сөзінше, мұндай ұйымдардың қаржы есебін жиі өткізуге міндеттеу қажет.

Кәмшат Шынтекова, заңгер:

 2-3 жылда 1 рет тексерілетін болғандықтан бұл қайырымдылық ұйымдар өз білдігін жасап өз белгімен жүреді. Негізі заң бойынша мен ойлаймын әр 6 айда тексерілуі керек. Сонда бұлар тиянақты жұмыс істей бастайды. Заңмен реттелмеген. Бұл жаңа бизнестің, табыстың көзі.

Осы ретте алматылықтар да қайырымдылық ісіне күмәнмен қарай бастағанын жасырмады.

Тұрғындар тарапынан шағым көбейген соң, қайырымдылық қорларының жұмысын жүйелейтін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Елдар Сапаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары:

Негізінен қайырымдылық қаражатының мақсатты жұмсалуы – бұрыннан бері халықтың өзімен де көтеріліп жүрген мәселелердің бірі.  Әр азамат біреуге көмек көрсетерде, сондай жарияланымдарды көрген кезде сол азаматтан волонтерден келісімшарт бар ма соны сұрауға құқылы.

Елімізде 1000-нан аса қайырымдылық қоры бар. Қазір оларды ортақ бір базаға тіркеу жоспарланған. Бұл алаяқтықтың алдын алады, дейді жауапты мамандар. Ал алматылық Қайрат Төлендиев балаларының дертінен пайда көруді көздеген алаяқтарды заң алдында жауапқа тартпақ.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу