Азот толтырылған шар аса қауіпті. Дәрігерлер осылай деп дабыл қағады. Адамды есеңгіретіп, ағзасын улайтын затқа тәуелді жастар көбейіп барады. Әсіресе, Астана, Алматы және Ақтау қалаларында қазір қауіпті шардың саудасы қызып тұр. Бұл бизнесті түбегейлі тоқтату үшін, заңмен тыйым салу қажет, дейді көпшілік. Қоғамды алаңдатқан мәселені Аягөз Оралбайқызы қаузап көрді.
Есімін атамауды сұраған ақтаулық тұрғын азот толтырылған шарды 4 жыл бойы үздіксіз қолданған. Ақыр соңында аяқ-қолы істемей, бірнеше рет ес-түссіз құлаған. Содан кейін ғана 30 жастағы жігіт жаман әдеттен үзілді-кесілді бас тартыпты.
Өзім бірнеше рет құладым. Құлап, тұрып қайта шектім. Аяқ-қолым істемей қалды. Ешбір жастарға ондайды тілемеймін. Ең тынышы өмірде адам болып қалу екен.
Өкінішке орай, мұндай шарлар кез-келген жерде әсіресе, көңіл көтеру орындарының айналасында шашылып жатыр. Сананы елітіп, ағзаны улайтын кеселге үйір жастардың қатары күн санап көбейіп барады дейді қоғам белсендісі.
Аймұрат Таңатов, Ақтау қаласының тұрғыны:
Бұл жерле ұлттық проблема, ұлттық трагедия бар. Себебі жастарымыздың бәрі сол түтінге, сол шарға байланып жатыр. Бүкіл түнгі клубтың бәрінде сатылады. Рульде келе жатып шегіп келе жататындар да бар. Біздің заң оған тыйым салмайды. Біздің құзырлы органдар шектемеген соң өршіп барады.
Ақтаулық белсенді, жас буынның тағдырына балта шабатын зиянды шарды сатуға және қолдануға заңмен тыйым салу қажет деп есептейді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Азот оксидін наркоз деуге болады. Оны медицинада ауырсынуды басу үшін анестезиологтер қолданады. Менің қолымдағы кәдімгі шар. Қазір сол азот оксидін осындай шарларға толтырып, жастарды улауда.
Расында, газ толтырылған шар әлеуметтік желілерде ашық жарнамаланады. Жұрт сауық кештеріне тапсырыспен алдырады. Таңға дейін шегіп, ес-түзсіз ауруханаға түсетіндер де бар. Дәрігерлер, мұндайларды бірден анықтаймыз дейді. Себебі, азот оксидінен миға кислород жетпей, адам есеңгіреп қалады. Егер оны көп қолданса, психикалық ауруларға шалдығады.
Мәди Тоқанов, Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:
Екі факті болған ол галлюцинозбен келген науқастар. Кейбірде передозировка дейді жаңағы шарға құмарлар. Бірақ өздері мойындамайды қолданғанын. Клиникасына байланысты біз сондай науқастарды анықтаймыз. Бірақ жеңіл түрде келмейді. Ауыр психоз болған кезде олар бізге жүгінеді.
Азот оксиді есірткі затына жатпайды, сатуға шектеу жоқ. Бірақ, әсері күшті препарат ағзаны әбден әлсіретеді. Денсаулыққа зардабын ескерген құзырлы органдар азот оксидін тыйым салынған есірткі заттарының тізіміне енгізуді сұрап, Үкіметке ұсыныс жолдады. Қазір заң жобасы Парламентте.
Аягөз Оралбайқызы