Астанада ұлттық нақыштағы, ұлттық колоритті ғимараттар жоқтың қасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ұлттық нақыштағы, ұлттық колоритті ғимараттар жоқтың қасы

08.11.2024

Астанада ұлттық нақыштағы, ұлттық колоритті ғимараттар жоқтың қасы. Еліміздегі сәулетшілер мен қоғам белсенділері және тіпті, депутаттар да осындай пікір білдіріп жатыр. Әлбетте, Бәйтерек монументін, Хан Шатыр сауда орталығында ұлттық реңк бар емес пе деп айтарсыз. Бірақ, сарапшылар, Бәйтерек сияқты ғимараттардың философиялық тұрғыда қазақтың тұрмысымен үндесетінін мойындайды, дегенмен, біздің тарих пен салт-дәстүрді толық қанды паш етіп тұр деп тағы айта алмаймыз. Расымен де, Астанада ұлттық нақыш аз ба? Тілші таразылап көрді.

Серік Рустамбеков – архитектор. Бас қаланың бас жоспарын сызуға атсалысып, осы күнге дейін сол істің басы-қасында жүрген адам. Ол әуелде елорданы тақыр жерден тұрғызар кезде «Еуропалық» нақышта салынуына «тапсырма» берілгенін айтады. Бірақ ширек ғасырдан аса уақыт бойы Астананың құрылысында әлі бірізділік жоқ,-дейді.

Серік Рустамбеков, архитектор:

Енді біреуінің бастамасын біреуі жалғастырып жатқан жоқ. Бір әкімнің бастамасы жартысында қалады. Тіпті, келесі әкім келіп басқа иедя бастайды. Келесі әкім келеді, қараса негізгі қала дамитын бағытта жер қалмаған.

Ал бұл – Боз Кенжеахметов, суретші. «Астананың алтын бесігі» атты кешенді сызып, 10-жылдан аса уақыт әкімдікке жобасын ұсынып келеді. Әр терезе, әр есігіне дейін есептелген. Бірақ дайын жобаға ешкім қызығушылық танытпай отыр.

Боз Кенжеахметов, суретші:

Бұл Астананың алтын бесігі кешені ұлттық тәрбиенің, салт дәстүрдің, орталығы болады. Бұл жерде сүндетке отырғызу, тұсау кесу, бесікке салу деген рәсімдер өту керек. Кәдімгі іші де, сырты да бірдей, қазақтың ұлттық дәстүрінен жария беретіндей ғимараттар қазір жоқтың қасы деп атйғуа болады.

1997 жылдан бастап, 2023 жылға дейін Астанада 32 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынған. Елорда қарқынды құрылыс алаңына айналды. Әлемнің әртүрлі стилдерін Астананың келбетінін көруге болады. Ал, ұлттық нақыш сақталуы керек деген талап бар ма? Әкімдіктен нақты жауап ала алмадық. Бұл мәселе бүгін ғана қозғалып тұрған жоқ. Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы 2012 жылы берген сұхбатында былай деген екен.

Жандарбек Мәлібекұлы, Қазақстан елтаңбасының авторы:

Бір кездері Ташкентте архитектура саласында ұзақ жылдар жұмыс істедім. Сонда олардың сәулет саласында ұлттық ерекшеліктерді пайдалануға көп мән беретінін байқадым. Мәселен, қала құрылысы бойынша комиссия мүшесі болған кезімде жаңа ғимарат жобалары келісімге әкелінеді. Сонда міндетті түрде оларға «Бұл жобада қандай ұлттық ерекшеліктер ескерілген?» деген сұрақ қойылады. Егер ондай талап ескерілмесе, жоба қабылданбайды.

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков те Астананың құрылысында ұлттық бояудың сақталуын қолға алатын кез келді дейді.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ол әу бастан жіберіп алған олқылық шығар. Бір-екі жерде ою-өрнек қойып, міне біздің ұлттық идеология деген дұрыс емес. Жерімізден, колоритімізден ұлттық идеологияның иісі шығып тұру керек.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Еуразияның төрінде, Сарыарқаның төсіндегі сұлулықтың символы, ұлылықтың ұясына айналған, Тәуелсіздіктің төл туындысы – Астана». Осылай сөлді сөзбен сылап, Астанаға теңеулерді төгеміз. Бірақ, расында сол Астананың келбетінде ұлттық бояу қанық па? Жоқ емес бар, мысалды алыстан емес, табан астынан да табуға болады. Міне, мынау қақпақта қашалып тұрып ояуымыз бейнеленген.


Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу