Маңғыстауда «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде жабайы аңдар мен құстар көбейіп келеді. Қазір Үстірт арқарының саны бір мыңнан асқан. Қарақұрықтар да соған жуықтады. Жойылу қаупі төнген тұяқтылар мен қанаттылардың көбеюіне парк аумағында бақылау жұмыстарының күшеюі себеп. Бүгінде заманауи құралдармен жабдықталған қорықшылар күн-түн демей жан-жануарлардың тыныштығын күзетуде.
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің құрылғанына 12 жыл болған. Аумағы - 700 мың гектарды құрайды. 1 парк және 4 табиғи қаумалдан тұрады. Соның бірі – Жабайұшқан қаумалы. Абыл Есенғалиев жабайұшқандағы аң-құстардың мекендейтін жерлерін жатқа біледі. Себебі оның күн сайын сол аумақтарды тексеріп, қаумалға бөгде адамдардың кірмеуін қадағалап жүргеніне 10 жылға жуықтаған.
Абыл Есенғалиев, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі жабайұшқан қаумалының инспекторы:
Аң-құстарымыздың жәй-күйін қараймыз. Тыныштығын сақтап қараймыз. Арнайы өзіміздің құрылғы фотоловушка соларды тексеріп, сосын бұлақтың көздерін ашамыз. 7 күн жұмыс істейміз, демалысымызда да рейдтік шараға шығып тұрамыз.
Қызылсай паркінің қызметкерлері жылына екі рет жабайы жануарларға санақ жүргізеді. Былтыр Жабайұшқан қаумалында 483 үстірт арқары анықталған. Биылғы санақта олардың саны 500 ден асты. Одан басқа қарақұйрық, ит аю, сабаншы, қарақал секілді қызыл кітапқа енген аңдар бар. Олар жылына 15-20 пайызға көбеюде. Тіпті ала барс пайда болған. Сондай-ақ бүркіт, ителгі, дуадақ, үкі сияқты жойылу қаупі төнген құстар көбейіп келеді.
Мұхаммед Рахим Боранбаев, Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аң танушысы:
Инспекторларға жағдай жақсы, жаңа көліктер келіп, заманауи жабдықтармен жабдықталған. Жүрмелі вагондары бар ол жерлер электр қуатымен жабдықталған. Соның арқасында қазіргі таңда аңды да сақтау жолын биоалуантүрлілігін сақтау жолында қолмен суару әдістері әр жерлерге астаушалар қойылып сондай жұмыстар да жасалып жатыр.
Биыл қорықшыларға 3 жаңа автокөлік берілген. Сонымен қатар оннан астам фото тұзақ пен дүрбілер жеткізілді. Қорықшылар парк аумағын жоғарыдан бақылайтын дронмен де қамтылды.
Қорықшыларға берілген заманауи құрылғылардың бірі – түнгі дүрбі. Су жаңа құралды инспекторлар алғаш қолданып жатыр. Оның ерекшелігі – түнде 1шақырым жерге дейінгі аумақты күндізгідей етіп көрсетеді. Әрі фотоға, бейнежазбаға түсіреді. Браконерлердің түнде жүретінін ескерсек, бұл таптырмайтын құрал, - дейді қорықшылар.
Қызылсай мемлекеттік табиғи парк аумағында 60-тан астам инспектор ауысыммен жұмыс істейді. Олар былтыр 52 бұлақтың көзі ашқан. Аумақты да таза ұстайды. Күнделікті бақылаудың арқасында қазір браконьерлердің жүрісі азайған.
Аягөз Оралбайқызы