Жаңа оқу жылының алдында күн тәртібіне шығатын өзекті сұрақтар бар. Бірі: үш ауысымды мектептер мәселесі. Бұл проблема шешіледі деген уақытынан әлдеқашан асып кетті.
Менің есіме осыдан 10 жыл бұрын - 2014 жылы үш жылда яғни 2017 жылы шешіңдер деген, ал сол кездегі министрдің екі жыл қосып 2019 жылы шешеміз дегені түседі.
Одан бері де 5 жыл өтіпті. 2018 жылы елімізде 127 мектеп үш ауысымда оқытқан, қазір 106. Сонда 21-ақ мектепке азайған. Мәселе сонша мектеп салып тастауда еместігін біз түсініп отырмыз. Себебі мәселе демография мен урбанизацияда. Қарапайым айтқанда халықтың өсімі жақсы және жұрт жаппай қалаларға ағылып жатыр.
Демек қала құрылысы осы екі факторды ескеріп жүргізілуі керек. Ал атқарушы билік сөйтіп отыр ма? Ылғи мына уақытта түпкілікті шешеміз дейді. Олай шешілмейді. Бір жолы - оңтүстіктен солтүстікке еңбек ресурстарын тарту деп ойлайтынбыз.
Осының арқасында солтүстіктің босап қалмауы, қазаққа толуынан бастап, оқушы аздығынан жабылғалы тұрған мектептерді cақтап қалуға ықпалдасады деп, стратегиялық маңызды бағдарламаның авторларына шын риза болатынбыз. Авторларға әлі де ризамыз. Орындаушыларға – жоқ.
Үш ауысымды мектептерге байланысты 2024/2025 оқу жылының алдындағы материалды Раушан Сайлауқызы дайындады.
Бұл Астанадағы Сырбай Мәуленов атындағы 37 мектеп-лицейі. 6 жылдан бері оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Бала саны тым көп-4300-ден асады. Халида Усманованың да немересі осында оқиды. Қала тұрғыны кеш қарая келетін немересінің қауіпсіздігіне қатты алаңдайды.
Халида Усманова, қала тұрғыны:
Кеш шығатынына алаңдайсың. Себебі, үшінші смена, жақын тұрсақта сегізде келеді. Кейбір уақыттарда 8 жарымдарда келеді. Алаңдайсың звондайсың, көтермейді телефонды.
Мектеп директорының айтуынша, бірінші ауысым таңғы сегізде келеді. Одан соң оқушылардың екінші бөлігі оқу процесін 11-де бастайды. Үшінші бөлігі сағат екі де келсе, төртінші топтың сабағы үште басталып, 7 жарымда аяқталады. Осылайша оқушылар үш емес, тіпті 4 ауысыммен оқитын тәрізді.
Гүлжан Төлеу, Астана қаласы №37 мектеп-лицейінің директоры:
Орын саны 3482 балаға арналса қазіргі таңда мың бала артық отыр. Әрине кабинет жетіспеушілігінен, орын тапшылығынан үш ауысымды режимде оқуға тура келеді.
Былтыр Астанадағы мектептердің бірінде оқушылар дәлізге сыймай бір-бірін таптап кете жаздаған еді.
Үш ауысымдық мектептерде бала тәртібін бақылау оңай емес. Дегенмен мектеп басшысы қауіпсіздікті сақтау үшін кезекшілік құрылатынын айтады. Үзіліс кестесін жүйелеу мақсатында «қозғалыс картасы» да әзірленген.
Гүлжан Төлеу, Астана қаласы №37 мектеп-лицейінің директоры:
Балалар мектепке кіргеннен кейін қай баспалдақпен көтеріледі сосын қандай баспалдақпен түседі, осы мәселе бойынша біз карта сызып жатырмыз. Мұнда да балалар үйреніскен негізі. Біз былтырғы оқу жылынан бастап, қозғалыс картасын пайладаланамыз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қазір уақыт шамамен 7 жарым. Үшінші ауысым оқушылары дәл осы кезде мектептен шығады. Бұдан былай күннің қысқаратынын ескерсек, кеш бұдан да қараңғылана түседі. Демек балалардың қауіпсіздігіне алаңдауға негіз бар. Одан қалды үйіне кеш жететін оқушылар үйірмелерге де қатысып үлгермейді. Тамақтануы, үй тапсырмасын ескерсек, ұйқы режимі де қалыпты болмайды.
Раушан Құлжабаева, педиатр:
Үшінші ауысымның балаларына тоқталатын болсақ, әрине ол сапалы білім алуына әкелмейді Ең бастысы түнгі ұйқы дұрыс болу керек. Баланың ұйқысы, күнтізбелік режимі бұзылған кезде 03:20 кейіннен қалқанша безінің, ұйқы безінің, бүйрек үсті безінің гормондарының синтезделуі бұзылады.
Еліміздегі 106 мектеп үш ауысыммен білім береді. Дені Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Атырау облыстарында тиесілі. Бас шаһардың өзінде мұндай 8 мектеп бар. Тағы 16 мектепте бала саны шамадан тыс артық. Салдарынан кей ата-ана сергелдеңге түсіп жүр. Баласын қай мектепке берерін білмейді. Өйткені орын тапшы.
Санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай бір сыныпта 20-25 бала отыруы тиіс. Бірақ ірі қалалар үшін бұл тек қағазда жазылған ереже. Бір сыныпта отыз тіпті, 40-қа тақау оқушы бар. Ұстаздардың 40 минутта 40 оқушыға сабақ беруін елестете беріңіз. Ал сыныптардың көптігі сонша, әліппенің әріптері жетпей қалатын сияқты.
Айбарша Ещанова, Астана қаласы №101 мектеп директорының орынбасары:
Ең көп келіп түскен өтініштер 1-сынып оқушылары. Бүгінгі күнде 600 оқушы. 20 дан артық сынып ашылайын деп отыр 1-сыныптар. Басқа сыныптар да аз емес. Мен төртте 65 сынып, 5-11-дің арасында 82 сынып. Сонда енді бүгінгі күнде оқушылар саны көп болып тұр. Әліде бірақ қабылдап жатырмыз. Кей сыныптарды 25 деп санағанбыз. Дегенмен артады.
Ал қалалықтардың кей санаты балаларының қолайлы жағдайда сапалы білім алуы үшін ақылы мектептер іздеп әлек. Оның құны әрине, бәріне қолжетімді емес. Мәселен, елордадағы 180 мектептің 71-і жекеменшік. Ең төменгі баға 1 жарым млн-нан басталса, ең қымбаты жылына 14 млн теңгеге жуықтайды.
Қала мектептеріне оқушылар сыймай жатса, ауылдағы білім ошақтарына бала жетпей жатыр. Әсіресе солтүстік өңірде жағдай мәз емес. Мәселен, Ақмола облысында биылдың өзінде 9 мектеп, соңғы 10 жылда 100 мектеп жабылған. Тағы 122 мектепте бала саны 40-қа да жетпейді.
Марат Жақыпов, Қарлыкөл ауылының тұрғыны:
Осы мектеп биыл жабылды. Балалар жетпей тұр. Тым аз. Мұғалімдер балалардан көп. Класста бір-екі адам отырады. Қазір Еленовкаға апарамыз.
Қалалықтар үш ауысым деп әбігерге түссе, Ақадырдағы мына мектепте үш ауылдың балалары бірігіп оқиды. Салынғанына 10 жылдан асқан білім ошағы 150 орынға шақталған.
Талант Сұлтанбек, Ақмола облысы Ақадыр орта мектебінің директоры:Б
Биылғы жылы өзіміздің тізім бойынша, 115 бала болады деп есептеп отырмыз. Өйткені, бізге көрші Ұялы ауылынан 10 бала келіп қатынап сабақ оқиды. Биыл жаңа оқу жылынан бастап, көрші Ескенежал ауылынан 16 бала 5-9 сыныптарды оқиды.
Демографтар қала халқының шамадан тыс көбеюін урбанизациямен байланыстырады. Қазақстанда қалаға көшу динамикасы артып отыр. Қазірдің өзінде қала халқының саны 12 млн бес жүз мыңнан асса (12 573 637 -63 пайыз) ауылда тұратындар керісінше кеміген. 7 млн 600 мыңға жуық.
Аяулым Сағымбаева, демограф:
Мысалы, Шымкент қаласының өсімінің 70 пайызы туу есебінен болса, керісінше Астанамен Алматыда 70 пайызы таза көші-қон есебінен болып отыр. Яғни, бұл үш қала соңғы үш жылда көші-қоншылардың келу орталықтары. Көші-қон мәселесін реттеуге әбден болады. Біріншіден заң жүзінде тыйым салуға болады. Әр квадрат метрге адамның тіркелуі бойынша. Екінші мәселе өңірлік дамуды дұрыстау керек.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Біз қазір Астанадағы Нұра ауданында тұрмыз. Зәулім үйлер қаз-қатар салынған. Бірақ айналамызда бірде-бір мектеп жоқ. Қала халқының көбейгенін ескерсек, екі тұрғын үй кешеніне бір мектеп керек тәрізді. Мәселен, мына үйде 600 пәтер бар. Орта есеппен әрқайсысында кемі бір бала дегеннің өзінде бір тұрғын үйден кемі 600 бала мектепке баруы тиіс.
Аяулым Сағымбаева, демограф:
Компанияларды, үй салатын, ғимарат салатын кем дегенде бір мектеп, бір балабақша салуға мәжбүрлеу керекпіз. Өйткені емін-еркін түрде оны ешкім сала бермейді. Астананың халқының саны не себепті өсіп жатыр деп көптеген шенеуніктер де айтып жатады. Бірақ дегенменде құрылысқа рұқсат беретін болсаң, әрине бұл жерге адамдар ағылып келеді. Әрине халықтың саны өседі. Кез келген құрылыс саласын жүргізген кезде демографиялық ахуалды бағдарлап, соған назар аудару керекпіз.
Демограф ұсынған бұл бастама іс жүзінде жүзеге асуы мүмкін. Өйткені Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жуырда журналистерге берген сұхбатында дәл осындай заңның күшіне енгенін жеткізді. Демек енді мектеп салу шығынын құрылыс компаниялары мойнына алады. Ал сарапшылар бұл мәселені шешудің тағы бір жолы –микромектептер салу дейді.
Ғабит Бекахметов, Білім саласынының сарапшысы:
Көбінесе балалардың көптігі ол бастауыш сыныптардың арасында. Сондай бастауыш сыныптарға арналған жеңілдетілген нормасы бойынша жекеменшік мектептер немесе үкіметтік мектептер ашу керек. Сонда ана үлкен үлкен мектептерді толтырудың маңызы болмайды. Оқушы көп болғандықтан мұғалімдердің жұмысы жеңілдеуі үшін жаңа технологиялардан қорықпай жасанды интеллект сияқты инструменттерді міндетті түрде қолдану керек деп ойлаймын.
Мәселені шешудің бір жолы – Президент ұсынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Оны жүзеге асыруға бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінді. Бұл сомаға 369 мектеп бой көтеруі тиіс. Одан бөлек жемқорлардан тәркіленген қаражатқа да мектептер салынып жатқаны белгілі. Жаңа оқу жылында елдегі 7900 мектепке 3 млн 900 мың оқушы барады. Биыл білім ошақтарының қатарына 302 жаңа мектеп қосылады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
8000-ға жуық мектептің 106-сы үш ауысымды режимде оқиды. Жайлы мектеп, соңғы соғылып жатқан мектептердің арқасында 92-сін шешуді жоспарлап отырмыз. Былтыр 29 мектептің мәселесін шешкенбіз. Биыл 92 мектептің мәселесін шешеміз. Келесі жылы үш ауысымды мектеп мәселесін түбегейлі шешілуін көздеп отырмыз.
Азаматтардың жаппай қалаларға ағылуын ескерсек, бұл «міне, осымен бітті» деп кілт үзе салатын емес, үздіксіз жүруі тиіс процесс. Сондықтан алдағыны болжап әрекет қылған керек. Ал ауылдарда білім ошақтарының жабылуы ол енді бөлек қозғайтын өзекті тақырып.
Раушан Сайлауқызы
