Келес ауданында ауыл балабақшасы бүлдіршіндерге ерекше тәрбие беру тәсіліне көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келес ауданында ауыл балабақшасы бүлдіршіндерге ерекше тәрбие беру тәсіліне көшті

27.07.2024

Түркістан облысының Келес ауданында ауыл балабақшасы бүлдіршіндерге ерекше тәрбие беру тәсіліне көшті. Мектепке дейінгі мекеме тек ойнатып, білім беріп қана қоймай еңбекке баулып жатыр. Яғни қыз балалар тігін тігуді, ас әзірлеуді үйренсе, өзгелері саз балшықтан бұйымдар жасайды. Психологтар әсіресе осы саз балшықпен жұмыс істеу даму деңгейі тежелген ерекше балаларға пайдасы көп дейді.

Бұл Жүзімдік ауылындағы балабақшаның бүлдіршіндері. Бес жастағы балалар шеберлік сабағында саз балшықпен жұмыс істеп, қол қимылын ширатады. Түрлі пішіндегі қыш құмыралар мен ойыншықтар жасап, өздері бояйды. Солардың бірі Алтынай Оразбай. Ол саз балшықпен жұмысты жақсы меңгеріп, қазір тіпті бұйымдарын байқауларға ұсынып жүр.

Алтынай Оразбай, 5 жаста:

 Құмыра жасағаныма бір ай болды. Маған құмыра жасаған ұнайды. Осы күнге дейін бес құмыра жасадым. Құмыра жасау қиын емес.

Тәрбиеленушілердің көнеден келе жатқан қыш өнерін үйренуге қызығушылығы мол. Өз кезегінде педагог психолотар құмыра жасау әсіресе аутизм сияқты дертке шалдыққан балаларға берері көп дейді. Жұмысты тиянақты атқаруға бейімделіп, зейінін дамытады.

Бибігүл Сейдахметова, психолог:

Аутизммен ауыратын балалардың зейіні бірдеңеге бағытталған да. Балаға бір жұмысты беріп бағыттап қойсаңыз, бала күнделікті өзі келіп отырып, ары қарай істеп кете алады. Баланың сөйлеуге қабілеті дамиды.

Балабақшаның тағы бір ерекшелігі – мұнда балалар ерте еңбекке бейімделеді. Асхана орталығында қыз балалар тәттілер пісіруді үйренеді. Сондай- болашақ өмірлеріне қажетті тігін тігуді де меңгереді. Ол үшін кішкентайларға арналған тігін машиналары бар.

Азиза Маратқызы, тәрбиеші:

Тігін орталығында балаларды қарапайым тігістерге, алжапқыш, орамала тігуге үйретеміз. Басында балалар қиналды, ептей алмай. Кейін кейін қолдары үйреніп, тігінді жақсы тігіп кетті игеріп.

Ақсүйек, шаңырақ, бес тас, асық сияқты ұмыт бола бастаған ойындар да оқу бағдарламасына енгізілген. Осылайша шалғайдағы балабақша жас ұрпақтың бойына ұлттық құдылықтарды сіңіріп тәрбиелеп жатыр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу