Басты Жаңалықтар Джеки Чан түскен киножобаның Қазақстандағы түсірілімі аяқталды

Джеки Чан түскен киножобаның Қазақстандағы түсірілімі аяқталды

«Доспехи Бога: Ультиматум» фильмінің Қазақстандағы түсірілімі аяқталды. Енді қалған бөлігін түсіру - Қытайда жалғасады. Осыған орай Джеки Чан мен түсірілім тобы Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, атқарылған жұмысты қорытындылады.

Әлемге әйгілі актер Чжеки Чат Астанаға арнайы ат басын бұрып, журналистермен кездесті. Ол түсірілімнің сәтті аяқталғанын айтып, жергілікті мамандардың кәсібилігін жоғары бағалады. Әсіресе қазақстандық каскадерлердің жұмысына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, қолдау танытқан барша Қазақстандықтарға алғысын айтты. Түсірілім кезінде қиындықтар да болды дейді актер. Джеки Чан иығын ауыртып алғанын, қазақстандық дәрігерлердің оған көмек көрсеткенін айтты. Ауырсынғанына қарамастан, ол жұмысын жалғастырған. Ал бірнеше елдің мамандары жиналған түсірілім алаңында тіл айырмашылығы кедергі болмапты.

Джеки Чан, актер, режиссер:

Сіздерде қаншама ұлт өкілі тұрады, әртүрлі тілде сөйлейсіздер. Бірақ соған қарамастан бір-бірлеріңізді жақсы түсінесіздер. Біз де түсірілім алаңында түрлі тілде сөйлесек те, бірден ұғыныстық. Қазақстандағы команда ең үздік деп айта аламын. Қаншама елде болдым, бірақ дәл осындай кәсібилікті бірінші көруім. Мен Қазақстанға келгеніме, осы елді таңдағаныма өте қуаныштымын. Барша Қазақстан халқына рақмет!

Туындыда Қазақстанның тұмса табиғаты мен көрікті жерлері көрсетіледі. Түсірілімнің негізгі алаңдарының бірі - Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалы. Жоба еліміздің туристік әлеуетін әлемге танытып, халықаралық киноөндіріс өкілдерінің Қазақстанға қызығушылығын арттыра түспек. Баспасөз мәслихатында Джеки Чан түсірілімге қолайлы жағдай жасап, ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрлігіне де ризашылығын білдірді. Ведомство тарапынан актерге арнайы алғыс хат табысталды.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі:

Мынау «Құдайдың сауыт-сайманы» деген төртінші фильм біз үшін 3 бағытта маңызды. Ең алдымен шетелдік көрерменге еліміздің локацияларын паш ету. Екіншіден, бұл еліміздің киноиндустриясындағы үлкен белесі. Үшінші, осындай кинотуындылар арқылы басқа да кино компаниялар келіп, киножобаларды жүзеге асырып, кино мәдениетін жоғары сатыға көтереді. Сондықтан мен Чжеки Чанға үлкен алғысымды білдіремін!

Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасын қазақстандық Sәlem Entertainment және қытайлық компания бірлесе жүзеге асырып жатыр. Фильмнің режиссері — Роберт Кун.

Бөлісу