Жеті жылдағы мәдени серпін
Соңғы жеті жылда еліміздің мәдениет саласында елеулі өзгерістер болды. Театр, музей, кітапхана мен мәдениет үйлерін қоса алғанда, 312 жаңа нысан салынды. Мәдени инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытуға басымдық беріліп келеді.
Осы кезеңде бес жаңа мемлекеттік театр құрылып, жетекші театрларға «Ұлттық» және «Академиялық» мәртебесі берілді. Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры соңғы жылдары Түркия, Өзбекстан, Франция және басқа елдерде гастрольдік сапарлар өткізіп, отандық опера мен балетті шетелдік көрерменге таныстырды. Ыстанбұлдағы Ататүрік мәдениет орталығында «Хан Сұлтан Алтын Орда» операсының үшінші премьерасы өтті. Париждегі ЮНЕСКО сахнасында Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған концертте театрдың опера солистері, хоры мен оркестрі өнер көрсетті.
Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры:
Жақында ғана Аспендос тарихи амфитеатрында біздің балет труппамыз 30 мыңдық көрермен жинайтын үлкен амфитеатрда Арам Хачатурияның «Спартак» балетімен барып, көремендердің ықыласына бөленді. Біз шетелдік өзіміздің әріптестерміз арқылы біздің театрдың, біздің ұлттық өнердің атын әрі қарай шығаруға мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл әрине біздің Үкіметтің тарапынан қолдау, біздің меценаттардың өнерге деген махабаттарының қолдауының арқасында болып жатқан үлкен ауқымды дүниелер.
Еліміздегі музейлер саны 286-ға жетіп, 68 мыңнан астам жәдігермен толықты. Елдегі құнды экспонаттар Ресей, Италия, Австрия, Франция, Қытай және Әзербайжандағы көрмелерде көрсетілді. Құнды картиналарды көруге келушілердің де қатары көбейген. Мәселен, Алматы музейлер бірлестігінің мәліметінше, 2019 жылғы жылына 50 мың адам келсе, бүгінде 320 мыңға жуықтап, 6 есеге артыпты.
Ләззат Сағындықова, қалалық музейлер бірлестігінің директоры:
Алматы қаласы музейлер бірлестігі 2024 жылы Түркісой халықаралық ұйымының шешіміне сәйкес «Түркі әлемінің ең үздік музейі» деген номинацияға ие болды. 2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін нақты 14 халықаралық көрме ұйымдастырылды. Одан бөлек 27 халықаралық ұйыммен осы музей саласындағы шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойдық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы