Балалар үйінің ауласына 50 көшет отырғызылды
Атыраудағы облыстық «Шаңырақ» балалар үйінің аумағына 50 жеміс ағашының көшеті отырғызылды. Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. «Бұл менің ағашым» бастамасына «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 20-дан астам оқушысы қатысты.
Көшет отырғызу оқушылардың қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі. Осы арқылы олар табиғатты аялаудың қарапайым істерден басталатынын көрсетті. Балалар үйінің аумағына отырғызылған алма, алмұрт ағаштары мен жидек бұталары өскенде, ауланың жасыл желегін көбейтіп, айналаны көркейте түспек.
Нұркен Оралбай, «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы:
Бүгін біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып жатырған игі іс-шараға қатысып жатырмыз. Азаматтық орталықпен бірлесіп, осы акцияға өз үлесімізді қостық. Экологиялық акцияға өте жиі қатысамыз. Әрбір акцияны жібермеуге тырысамыз.
Эко акцияны «Біз таңдаған жол» жобасы аясында Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық және Азаматтық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Бастама оқушыларды табиғатты аялауға баулып, балалар үйінің аумағын көркейтуге мүмкіндік берді.
Құндыз Ғинаятова, Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы:
Атырау облыс кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына келіп, өздерінің жеміс талдарын егуде. Енді ол жеміс талдарды біздің орталықта тәрбиеленіп жатырған балаларға көп пайдасын тигізеді деген ойдамыз.
Атырау облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында 285 іс-шара ұйымдастырылды. 94 мыңнан астам тұрғын қатысқан сенбіліктерде 7 867 тонна қоқыс шығарылып, 18 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы