Басты Жаңалықтар Жас инноваторлар: Идеядан өнімге дейін

Жас инноваторлар: Идеядан өнімге дейін

Жасанды интеллект, цифрлық технология және әлеуметтік жауапкершілік. Алматыдағы жас өнертапқыштар осы үш бағытты біріктіріп, қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге кірісті. Бірі - есту қабілетінен айырылған жандардың күнделікті өмірін жеңілдетсе, екіншісі - волонтерлік қызметті цифрландырады. Ал үшінші жоба оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Жас зерттеушілердің тың жобалары туралы әріптесім Әйгерім Ердәулеттің бейнематериалында.

Кейде үлкен идея адамның өз басынан өткен қиындықтан туады. 15 жасында есту қабілетінен толық айырылған Нұрдана Бимаханбет бұл сынақты технологиялық шешімге айналдырды. 16 жасында ол құлағының мүкістігі бар жандарға арналған Hearless қосымшасын іске қосты. Платформа ым-ишара тілін түсініп, аударады, субтитр шығарады және мәтінді дыбыстауға мүмкіндік береді.

Нұрдана Бимаханбет, Алматы политехникалық колледжінің студенті:

Жалпы бұл бағдарламаны мен жетілдіріп жатырмын, қазақ тілін қосып жатырмын. Қазақа тілін қосу үшін біз жасанды интеллектіні үйретіп, оны кейін де қолдануға, оңайырақ болу үшін қазір де оқытып жатырмыз. Осы телефлнда офлайн режимде жұмыс сітеу үшін Апстор мен Плеймаркетте қосуға жұмыс істеп жатырмыз.

Технологияның көмегімен волонтерлік қызметті де жүйелеуге болады. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары әзірлеген AsarQ платформасы еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың басын қосты. Енді қоғамға пайдасын тигіземін,- деген кез-келген ерікті сайтқа тіркеліп, цифрлық құжатын алады. Ал ұйымдар өзіне қажетті волонтерді таңдай алады.Жүйенің тағы бір ерекшелігі оның QR-код арқылы жұмыс істеуінде.

Әлімжан Сәтиев, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 - сынып оқушысы:

AsarQ-де QR-код жүйесі бар. Бүкіл іс-шараларға келген кезде волонтерлар басында QR-кодты тексерді және үйге кеткен кезде де оны сканерлейді. Волонтерлік сағаттарды есептеу үшін арналған жүйе.

Патенттелген тағы бір жоба - LUMO платформасы. Цифрлық жүйе  баланың эмоционалдық жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде байқауға мүмкіндік береді. Мәелен, оқушы күн сайын сайттағы арнайы электронды күнделігіне өзінің көңіл күйін жазып отырады. Жүйе осы мәліметтерді жинақтап, мектеп психологына жібереді. Егер баланың жабырқап, құлазып, күйзеліске ұшырғаны байқалса, бірден дабыл қағады.

Аянат Қуатбекова, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 - сынып оқушысы:

Қазір LUMO бірнеше білім беру және психологиялық көмек беру орталықтарында ынтымақтастықта. 3 600-ден астам қолданушы бар. Біз болашақта Қазақстанның барлық мектептерінде осындай платформа жұмыс атқарса деген үмітіміз бар.

Сала мамандары мұндай бастамалардың қатары жыл сайын артып келе жатқанын айтады. Қазір жас зерттеушілер түрлі ауруды диагностикалау жүйесін, автоматтандырылған жылыжайды, ақылды терезені, ауа сапасын бақылау құрылғысын, интеллектуалды суару және өртті ерте анықтау жүйелерін де жасап жатыр.

Ажар Рахлетова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы:

Қазір оқушылардың технологиялық жобаларды әзірлеуге қызығушылығы жоғары. Мұны республикалық ғылыми жобалар конкурстарына ұсынылған жұмыстардан анық көріп отырмыз. Мысалы, 2026 жылы ғылыми жобалар конкурсының мектепішілік кезеңіне 28 мыңнан астам оқушы қатысып, 24 мыңнан астам жоба ұсынды.

Ал бұл 24 мың жобаның 9 мыңнан астамы - ауыл мектептеріндегі жас зерттеушілердің еңбегі. Айта кетейік, ғылыми жобалар байқауынақатысушылар саны бойынша Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ Жамбыл облысының оқушылары белсенді екен.

Бөлісу