Осы ұйым саммитіне келген Президенттермен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, жеке-жеке кездесті. КСМ: Алдымен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонменмен жүздесті. Жиынға арнайы келгені үшін және Астананың бастамалары мен басымдықтарын тұрақты түрде қолдап келе жатқанына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Саммитке Сіздің қатысуыңыздың мәні зор. Себебі 1996 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастауында болған президенттердің бірісіз. Менің ойымша, бұл ұйым – шын мәнінде, тиімді, беделді әрі демократиялық бірлестік. Ертеңгі саммит табысты өтеді деп үміттенемін.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
Сізді Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуіңізбен құттықтаймын. Біздің елдер арасындағы сауда-экономикалық серіктестік қарқынды дамып келеді. Рухани һәм гуманитарлық байланыс та нығая түсуде. Сізбен екі ел арасындағы арақатынастың перспиктиваларын талқылап, өңіраралық және халықаралық мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге дайынмын.
Мұнан соң, Президент Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесті. Саяси жиынға құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Ал, Ильхам Әлиев, Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен Бакуге және Шушаға жасаған сапарымды үнемі еске аламын. Бұл, шын мәнінде, бетбұрысты, маңызды, тарихи мәні бар сапар болды десек, артық айтқандық емес. Келіссөздер барысында біз бірқатар стратегиялық сала бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бердік.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
Шынында да осы кезге дейін екі ел арасында талқылаған, келісілген бағыттар бойынша оң динамика байқалады. Ортақ жобаларға келсек қазір транспорттық инфрақұрылым өте өзекті. Сондықтан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану үшін жұмыла жұмыс істеп жатырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Кездесуде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы аймақтағы кооперацияны нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің Астанаға сапарыңыз және ШЫҰ саммитіне қатысуыңыз Қазақстан мен БҰҰ арасындағы тығыз қарым-қатынастың жарқын белгісі саналады. Бұл біздің БҰҰ қызметіне атсалысып жатқанымызды көрсетеді. Қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан және мен де Мемлекет басшысы ретінде БҰҰ-ның жұмысын жан-жақты қолдаймыз
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
Қазақстан бейбітшілік жолындағы күрестің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сіздің еліңіз бірігу ісінде дәнекер, соның ішінде өте күрделі жағдайларда әрқашан алтын көпір, бейбітшіліктің елшісі болды. Астана көптеген бітімгерлік бастамалардың, соның ішінде Сирия бойынша Астана процесінің орталығына айналды.
Бұдан соң мемлекет басшысы ШЫҰ саммитіне қатысуға арнайы келген Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік-логистикалық, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау және телекоммуникация салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті екенімізді атап өткім келеді. Менің Дохаға жасаған сапарым туралы жақсы естеліктер қалды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан айтулы оқиға болды. Біз байланыстарымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік.
Шейх Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Қатар мемлекетінің әмірі:
Мен қарым-қатынастарымызды мақтан тұтамын. Елдеріміз әлі де ауқымды жұмыс атқаруға, соның ішінде экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға тиіс.