Басты Жаңалықтар Қазақстан – Финляндия серіктестігі жаңа деңгейге көтеріледі

Қазақстан – Финляндия серіктестігі жаңа деңгейге көтеріледі

Финляндия «Бурабай» курорттық аймағында туризмді дамытуға көмектеседі. Мұндай келісімге Александр Стуббтың Астанаға жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілді. Тараптар екі елдің достығын арттыратын ауқымды келісімдерге келді. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жарты миллиард доллар құйған ел ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті. Оңғар Алпысбайұлы ретімен жеткізсін.

Ақорда бұл жолы Солтүстік Еуропадан жеткен мәртебелі мейманын салтанатпен қарсы алды. Ресми Хельсинкиден Арқа төсіне ат басын бұрған Александр Стубб Қазақстанмен байланысты бекемдей түсу үшін бір топ делегациямен арнайы келіп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан мен Финляндия арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы орнаған. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бұған дейін 2024 жылы Бакуде, ал биыл Нью-Йоркте шағын кездесулер өткізген болатын. Бүгінгі сапар аясында тараптар кең көлемді келіссөздер жүргізеді. Сондықтан бұл Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ экономикалық және өзге де салалардағы байланысты еселеп арттырады деген жоспар бар.

Протоколға сай президенттер делегация мүшелерімен танысып, екі елдің әнұрандары орындалды. Қазақстан халқына құрмет және бүгінгі келіссөздерге таза ниетін көрсете отырып, қадірлі мейман көк туымызға бас иді.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб келіссөздерді бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Сіздің сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің арасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын.

Александр Стубб, Финляндия президенті:

Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Бірқатар мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз.

Келіссөздер екі ел делегацияларының қатысуымен жалғасты. Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз.

Александр Стубб әңгіме барысында «Астана» велокомандасының жейдесі үйінің төрінде әлі күнге дейін сақтаулы тұрғанын айтты. Диалогтың мұндай ағыны келіссөздердің ашық әрі еркін өткенін көрсетті.

Александр Стубб, Финляндия Президенті:

Астанаға алғаш рет сыртқы істер министрі ретінде келгенімде үздік велошабандоздарыңызбен бірге жаттығудың сәті түсті. Олар маған кәдесый ретінде Александр Винокуровтың қолы қойылған «Астана» велокомандасының жейдесін сыйға тартты. Мен үшін өте құнды бұл жейде үйімнің төрінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Қадірлі мейман Финляндия компанияларының да Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, биыл қаңтар–тамыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 90 млн долларға жуықтаған. Негізінен күкірт, ферроқорытпа, сульфат, электр өлшеу және бақылау аспаптары, автомобиль мен трактор бөлшектері экспортталады. Ал кері бағытта жер жұмыстарына арналған машиналар мен механизмдер, қозғалтқыштар, дәрі-дәрмектер, топырақ сұрыптау және ұнтақтау жабдықтары импортталады.

Келіссөздер кезінде қол жеткізілген ең ірі уағдаластық энергетика саласына тиесілі. Оның негізінде тараптар тәжірибе алмасып қана қоймай, өзара алыс-берісті арттыруды да жоспарлап отыр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы:
Финляндия атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша заманауи технологиялар мен ғылыми зерттеу жұмыстары жағынан әлемдегі үздіктердің қатарында. Саланы реттеу заңы да теңдессіз саналады. Біз осы тұрғыда ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу бойынша келісімге келдік. Сондай-ақ олардың атом электр станцияларына қазақстандық уранды жеткізу мәселесі де қаралып жатыр.

Ал «Самұрық-Қазына» су үнемдеу жұмыстарына Финляндияның тәжірибесін пайдаланбақ.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
Мысалы, «Самұрық-Қазына» өңдеу саласында Қарабатан зауыты бар. Бұл мекеме, бұл зауыт техникалық сумен КПІ зауытын қамтамасыз етіп жатыр. Сол ағынды суларды қайта өңдеу, қайта тазарту жұмыстарын қарастыратын боламыз.

Александр Стуббтың елімізге ресми сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде жоғарыда аталған энергетика, су ресурстары, экология, білім беру, атом энергетикасы және басқа да салалар бойынша ынтымақтаса жұмыс істеу туралы келісімдер бар.



Бөлісу