Басты Жаңалықтар «Аягөз-Бақты» темір жол құрылысы қарқын алды

«Аягөз-Бақты» темір жол құрылысы қарқын алды

Қазақстанның көлік саласындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Аягөз – Бақты» темір жолының құрылысы қарқын алды. 297 шақырымдық жаңа магистраль еліміздің шығысындағы транзиттік әлеуетті арттырып, Қытай бағытына қосымша дәліз ашпақ. Қазір шойын жолдың табаны тегістеліп, пойыз өтетін аумақта тау қопару жұмыстары жүріп жатыр.

Темір жол құрылысы тамыз айында басталған. Қазір Аягөз ауданы аумағында негізгі жұмыс  жүріп жатры.  297 шақырымдық жаңа желі бойында 12 станция, 47 көпір мен ондаған жол өткелдері салынады. Бұл бағыт іске қосылған соң, жыл сайынғы жүк айналымы 20 миллион тоннаға артады.

Құрылыстың негізгі бөлігіне қазақстандық компаниялар жауапты. Темір жол төсеу кезінде отандық рельстер мен шпалдар қолданылады. Қазірдің өзінде 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған. Шойын жол толық пайдалануға берілген соң, 1200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Серікқазы Рақжанов, техникалық қадағалау маманы:

Ауа райы әзірге тиімді. Бірінші аяз суықтар қарашаның аяғы, желтоқсанда басталады. Оған дейін барлық жұмыстар істеліп жатыр. Осыдан 10 есе техника кіреді. 297 шақырым Бақтыға дейін өте көп үлкен жұмыстар бар.

Маңызды магистраль өңір экономикасына айтарлықтай серпін береді. Жаңа жұмыс орындары құрылғаннан бөлек, болашақта экспорттық және транзиттік тасымал көлемі ұлғаяды. Қытаймен арадағы жүк тасымалын жеңілдетіп, шекара бекеттеріндегі кептеліс азаймақ.

Қайрат Ақпаров, мердігер компания жетекшісі:

Қыс бойы темір жол шпалдарының 30 процентін тоқып үлгереміз. Көктем шыға салысымен темір жолды төсей бастаймыз. 2025 жылға жоспарымыз Аягөз 2 жаңа станциясына жету. Ол жерде жаңадан толыққанды станция салып, дамытамыз.

«Аягөз-Бақты» бағыты арқылы болашақта елдің көлік инфрақұрылымы жаңарып, логистика саласында жаңа мүмкіндіктер ашылады-дейді мамандар. Бұл – Қазақстан экономикасын нығайтып, экспортты жандандыратын стратегиялық қадам болмақ.

Бөлісу