Отарда комаға түскен сарбаздың оқиғасы: Президент тапсырма берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отарда комаға түскен сарбаздың оқиғасы: Президент тапсырма берді

23.06.2024

Жамбыл облысында әскерде жүргенде комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпаттаның анасы Жанна Жаналина әлеуметтік желіде Президентке үндеу жариялап, көмек сұраған.

Жаналина ұлының ес-түссіз, арнайы аппаратпен тыныс алып жатқанын, жағдайы қиын екенін айтты. Мұнан соң Президенттің баспасөз хатшысы Б.Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеумен танысқанын, оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуді және кінәлі адамдарды жазалауды талап еткенін хабарлады.

Артынша Отардағы әскери бөлімде болған осы оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігі түсінік берді. Былай дейді:

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Емдеу мекемесіне түскен кезде сарбаздың денесінен зақымданған немесе көгерген белгілері табылған жоқ екенін атап өту керек. Мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты келісімшарт бойынша әскери қызметші тарапынан билікті асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тексеріс жүргізілу үстінде.

Ал мұның алдында Қорғаныс министрлігі Нұржігіт Әбділпаттаның жағдайына орай берген ресми ақпаратында сарбазға пневмония диагнозы қойылды, оның денесінде «көгерген іздер жоқ» деген. Сарбаздың анасы Жанна Жаналина әскердегі ұлына әлімжеттік жасалғанын тергеушіден естіген.

Нұржігіт әскерге өткен мамырда ғана алынған. Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Негізі ол Шымкенттегі жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Қостанайдағы үйіне барғанда әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан.

Осыдан екі жыл бұрынғы оқиға еске түседі: 2022 жылы сәуірде Маңғыстау облысынан барған Әлібек Қалбай Отардағы дәл сол №30212 әскери бөліміне түсіп, төрт күннен соң түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Таңертең сапқа тұрғызғанда есінен танып, госпитальге жеткізілген еді... Былтыр бұл іс бойынша сотқа тартылған жалғыз әскери қызметкер Айболат Аманжолов 9 жылға сотталды. Сот оны адамды өлімге жеткізгені үшін кінәлі деп есептеді...


Хабарламаларға жазылу