Осы аптада Президент Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусын барып көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президент Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусын барып көрді

09.06.2024

Осы аптада Президент Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусын барып көрді. Нысан алдағы тамыз айында пайдалануға беріледі.

Бұл ауруханада жыл сайын 6 мың науқас емделе алады.

Мемлекет басшысына жаңа корпуста қатерлі ісіктерді диагностика жасауға және емдеуге қатысты әлемдік бірегей технологиялар шоғырланатыны жөнінде мәлімет берілді. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен білім беру тәжірибелерін жүзеге асыруға жағдай жасалады, деп жазды Ақорда сайты.

Жаңа корпус ашылғаннан кейін бұл орталық онкологиялық көмек көрсету бойынша ұлттық үйлестірушіге айналады. Онда денсаулық сақтау жүйесіндегі алғашқы буыннан бастап онкологиялық ауруларды емдеуге маманданған барлық медициналық мекеме қамтылады.

Сонымен қатар стационарда бас және мойын онкологиясы, торакальды және абдоминальды онкология, онкоурология, маммология, онкогинекология сияқты орталықтарды ашу қарастырылған.

Әлемде мұндай орталықтар өте аз. Бұл біздің аймақтағы медициналық тәжірибе мен ғылымды ұштастыратын озық мекеме болмақ, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев. Өкінішке орай елімізде онкологиялық ауру өте көп екені белгілі. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша онкоесепте 218 мың адам тұр. 12 мың адам көз жұмған.

Президент Астанадағы әлеуметтік нысандарды аралап көру барысында отбасылық SANA Sport орталығында да болды.

Мұнда спорт, шығармашылық, білім бағыттары бойынша 29 үйірме жұмыс істейді. Кешенде 4 мыңнан астам бала қалаған секциясына бара алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтағы спорт залдарын, шығармашылық үйірме бөлмелері мен оқу кабинеттерін аралап көрді. Сонымен қатар шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Айару Алтынбекке сыйлық табыстап, сәттілік тіледі. Жас шахматшы бір ай бұрын Перуде өткен оқушылар арасындағы әлем чемпионатынан екінші мәрте әлем чемпионы болып елге оралған соң қуанышын Мемлекет басшысына жеткізуді ұйғарады.

Айару Алтынбек, Шахматтан екі дүркін Әлем чемпионы:

Сол кезде анам екеуміз ойланып, Президентке хат жазып көрейік дедік. Президент өзі шахмат жақсы көретінін білемін. Соған айтып мақтанайын деп едім, өзімді айтқым келді.

Жазған хатында Айару өзін Мемлекет басшысына таныстырып, жеткен жетістігін тізіп шығады. Ал сөз соңында Президентпен кездесіп, қолтаңбасын алғысы келетінін жеткізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мә, саған кітап, өзімнің қолтаңбаммен.

 Айару Алтынбек, шахматтан екі дүркін Әлем чемпионы:

«Айару қайда, Айару қайда» деп мені іздеп келді. Президент мені іздеп келгеніне өте қуанышты болдым. Мен осыдан кейін одан да көп жұмыс істеп, одан да көп еңбек етіп, әйелдер арасында әлем чемпионы болғым келеді.

Мемлекет басшысы Айаруға табыстаған «Әке туралы ой-толғау» атты авторлық кітабына «Аманшылық тілеймін» деп ізгі ниетін білдіріп, қолтаңбасын қалдырыпты. Тағы да қосымша сыйлық жіберетінін айтып, жас спортшыны қуантып қойды. Үкілеп үміт артып отырған ата-анасын да.

Индира Байтемірова, Айарудың анасы:

Алты жасынан бастап бердім. Жазғы демалыстарда бос отырмасын деп. Содан бастап Айару өзін көрсете бастады, алып кетті. Қазір, міне, әлемнің екі дүркін чемпионы болып отыр.

Айару Алтынбек – үйіндегі төрт баланың екіншісі. Төртеуі де шахматшы.


Хабарламаларға жазылу