Адам өмірін сақтандыру құны қанша? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адам өмірін сақтандыру құны қанша?

29.05.2024

Иә, өмір мен өлім арасында арпалысып жүргендер қаншама. Ал адам өмірін сақтандыру құны қанша? Сақтандырылған адам көз жұмса оның етжақындарына қанша төленеді? Компаниялар кімдердің өмірін сақтандыруға алмайды? Осы және өзге де сауалдарға әріптесім Самал Қабышева жауап алды.

85 мың теңге. Бұл - бір жылға адам өмірін сақтандырудың ең төменгі құны. Бірақ, әр компанияда баға әр түрлі. Қаласаңыз, өміріңізді миллион, тіпті миллиард теңге төлеп, сақтандыруға болады. Қанша жылға өміріңізді сақтандыратын мерзімді де өзіңіз таңдайсыз.

Айсара Егембердиева, сақтандыру компаниясының өкілі:
Көзін, ернін, шашын сақтандыру бізге әлі жат нәрсе. Қазақстанда енді-енді сақтандыруға бет бұрып жатыр. Уақыты келді ме, желтоқсан айы дейік, желтоқсан айында 200 мың саласыз. Келесі жылы бір жыл өтеді тағы сол айда 200 мың саласыз. Сөйтіп 20 жыл бойы салып отырасыз. Сақтандыру жарнаңызды жинақтау арқылы 20 жылдан кейін айтып отырмын ғой, үстеме бағамен қайтарып аласыз.

Ал 20 жылға жетпей өмірден озып кетсе, өмірін сақтандыруға жинақтаған ақшасы мұрагерге беріледі. Дегенмен, елімізде өмірін ерікті түрде сақтандыратындар саны өте аз.

0,8 пайыз ғана. Ресейде – 3%, Қытайда – 82%, АҚШ пен Канадада – 54%, Жапонияда – 95%. Тіпті, Жапонияда өмірі сақтандырылмағандарға пәтер жалға берілмейді.

Ал Ұлыбританияда жануарлар мен ұялы телефондар үшін де арнайы сақтандыру түрлері қарастырылған. Дене мүшелерін сақтандырудың экслюзивті түрлері де сұранысқа ие. Мұндағы жергілікті халықтың төрттен үш бөлігі «сақтанғанды сақтайды» принципін ұстанады. Оларға өмірін, дүние мүлкін сақтандыру қалыпты жағдай.

Козан Фахри, қаржы сарапшысы:
Мысалы, стандартты сақтандыру. Бұл полистер - өрт, су тасқыны, дауылдан келген қауіп, ұрлық және вандализм болған жағдайда жарамды. Заңның орындалуын қаржылық қадағалау басқармасы және пруденциялық реттеу органы қадағалайды.
Самал Қабышева, тілші:
Мамандардың айтуынша, елімізде адам өмірін сақтандыру, жалпы сақтандыру саласының дамуына бірнеше фактор кедергі. Мысалы, халық арасында сақтандыру мәдениеті дамымаған. Олар бұл ұйымдардың мүмкіндіктері жайлы білмейді. Сақтандыру компанияларына сенім төмен. Қаржылық сауаттылық жоқ. Ал, мүлкін, өмірін сақтандырған адам ұтпаса ұтылмайды, - дейді мамандар.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу