Бишімбаев ісі: Осы аптада тараптар жарыссөзі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бишімбаев ісі: Осы аптада тараптар жарыссөзі басталды

05.05.2024

Мемлекеттік айыптаушы прокурор Айжан Аймағанованың қолына құты алып шығып, миында 230 мл қан ұйыған деп көрсетуі Салтанат Нүкенованың басынан қандай соққылар алғанын, қанша сағат адам төзгісіз жағдайда жатқанын дәлелдейді және сезіндірді деп есептейміз. Сөзі эмоцияға да толы болды, фактілермен де қатар өрбітті. Егер бізде осындай ашық соттар көбейсе, прокурорларға байланысты стереотиптер бар, басқасы бар, өзгерер еді.

Прокурорлар өзгерер еді. «Бишімбаевта жүрек жоқ» деген Айжан Аймағанова Абайдың 14- Қара сөзінен үзінді келтірді және онысы дөп келді: Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі? – деді Абай...

Айжан Аймағанова, мемлекеттік айыптаушы:

Мен осындай жағдайға бірінші рет жолығып тұрмын. Былай қарасаң ақылды, интеллектісі бар, сырттай жақсы адам сияқты көрінеді. Бірақ, бұл адамда ең бастысы жоқ. Жүрек жоқ. Біз оның көзінен өкініш те, қиналыс та көрген жоқпыз. Ал, Салтанат, Бишімбаев айтқандай еденге немесе унитазға құлағаннан соққы алды ма әлде оның ұрғанынан соққы алды ма оны бізге сараптама және сарапшы көрсетті.

Жәбірленуші тараптың, адвокаттарының сөздеріне келсек, адвокаттардың бірі Игорь Вранчевтың алқабилерге арнаған сөзіне қысқаша тоқталғым келеді: «Бишімбаевты бірауыздан кінәлі деп тану арқылы... бүкіл Қазақстанды, біздің халықты осындай элитарлық паразиттерден арылтасыздар... Қарапайым халық, қарапайым адамдар жоқшылықта өмір сүрді, ал қоғамның паразит бөлігі – олардың қай кезде және ненің арқасында министрлер, кәсіпкер болғанын білеміз... Біреуін отырғызып, осы процесті қарап отырған қалғандарға сабақ бересіздер. Бостандыққа шыға ма, жоқ па деп отырған барлық «бишімбаевтарға». Құдай сақтасын, ол бостандыққа шықса, қалғандарына 30 жыл істегендерін жалғастыруға мүмкіндік бересіздер.

Сотталушының тарабына келсек, олар әрине, «қасақана өлтірді» деген бапты өзгертуге күш салып бақты. Бишімбаевтың адвокаттарының бірі Назкен Құсайынованы судья Айжан Құлбаева айғайламай сөйлеуге екі рет шақырды. Тағы бір адвокаты Ерлан Ғазымжанов судьямен тіпті сөзге келіп қалды. Ал үшінші адвокаты Лейла Рамазанова ... ол да прокурордан қалыспай Абайдың Қара сөзінен үзінді оқыды. «Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді» дейтін жері бар 3-сөзі ше, соны.

Лейла Рамазанова, сотталушының адвокаты:

Прокурор Абайдың сөзін келтірді, мен де Абайдың қара сөзінен үзінді келтіргім келеді. Үшінші сөз. Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание - тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені.

Дөп келмейтіні былай тұрсын, ащы күлкі қысады. Ең болмағанда нақ айыпталушы жаққа Абайдан үзінді оқудың қажеті жоғын білмегендері ме? «Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді» дегенді Бишімбаевқа байланысты айту өрені көрсете ме, нені көрсетеді? Қорғануға әркімнің қақы бар, ал қорғау- менің міндетім дейді адвокаттар. Жалпы адвокат қауымының ұстанымы осындай, оған дау жоқ. Алайда соңына дейін балам деп кететін анасы сияқты шексіз сүйіспеншілік таныту деген... сөз жоқ, енді.


Хабарламаларға жазылу