Таразда оқушы өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда оқушы өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

05.05.2024

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы 8-сыныпта оқитын баланы мектеп ауласындағы әжетханада ұрған. Жасөспірім жан тапсырған. Ол жерде олар жалғыз болмаған, тоғызыншының ұлдары сегізіншінің ұлдарын жинап алып, әлімжеттік көрсетіп жатқан...

Білім басқармасының хабарлауынша, құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, мектеп әкімшілігіне қатысты қызметтік тексеріс бастаған.

Полиция 8-сынып оқушысының өліміне байланысты күдікке ілінген кәмелетке толмаған баланың үйқамаққа отырғызғанын хабарлаған. Мектеп басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" фактісі бойынша іс қозғалған.

Оқиға болғаннан кейін мектеп директоры оқушының ата-анасына «балаңыздың жүрегі ауырады-ау деймін, дене шынықтырудан кейін су ішкен, сосын әжетханаға барғанда ұлыңыздың жүрегі тоқтап қалған» деген. Марқұм болған бала мектептегі әлімжеттік жайлы әкесіне, ал әкесі директорға былтыр ескерткен.

Сәуірдің ортасында Ақтөбедегі Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасында бір оқушы көз жұмған еді. 8-сыныпта оқитын жасөспірімнің қазасынан кейін екі күдікті қамалған. Оның бірі 9-сыныптың, екіншісі колледждің 21 жастағы студенті. Күдіктілердің екеуі мерт болған баламен бір жатақханада тұрған.

ЮНИСЕФ дерегінше, еліміздегі мектеп оқушыларының 66 пайызы кемсіту көреді, 44 пайызы әлімжеттікке ұшырайды, 24 пайызы басқа балаларды кемсітеді.

Жүргізуші: Осы аптада Қарағандыда жедел-жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан адамға қатысты сот отырысы басталды. Жоғары сот ютуб арнасында бұл процестің де трансляциясын ұйымдастырды.

Биыл қаңтар айының аяғында болған оқиға есте. Жедел-жәрдем көлігі шақыртумен келіп, көпқабатты үйдің ауласына тоқтап тұрған. Сол сәтте қоқыс төгуге шыққан Нұрболат Дәкебаев жүргізуші Төреғали Берікқалиұлына әкіреңдеп, артынша бірнеше рет төпелей ұрады. Салдарынан Төреғали Берікқалиұлының миы шайқалып, бірнеше қабырғасы мен мұрны сынған.

Соққыға жығылған жүргізуші әлі емделіп жатыр екен. Сондықтан алғашқы сот отырысына қатыспады. Ал, сотталушы Нұрболат Дәкебаев пен оның қорғаушысы соттан өздерінің бет-жүзін көрсетпеуді сұраған. Жүргізушіні ұрғаннан кейін Дәкебаев қашып, бір ауылдан табылды. Сақалын қырып тастап, кешірім сұраған видео жазған еді.


Хабарламаларға жазылу