Президент – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында Ұлттық ұланның авиация базасы ашылды. Ұлттық ұланның әуе базасы бұған дейін Алматы маңындағы Боралдай кентінде орналасқан еді. Енді Астана халықаралық әуежайының іргесіндегі шамамен 33 мың гектар аумақты алып жатқан жаңа нысанға көшірілді.
Президент алдымен жауынгерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Ал жаңа әуе базасы Қарулы күштердің әлеуетін одан сайын арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. +Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды.
Саптағы жауынгерлер су тасқынымен күресте алдыңғы шептен көрінген. Әсіресе, сын сағатта кәсіби шеберлік танытқан әскери ұшқыштардың еңбегі зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін
Ал Талдықорғандағы әскери әуе базасы енді әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің атымен аталады. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда пәрмен берген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алматылық даңқты ұшқыштың өнегелі өмірі ұрпаққа әрдайым үлгі болуы керек. Мұндай бастама ұлттық әскеріміздің беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Ел үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа авиабазаның әлеуетімен танысып, әскери қалашықты аралап көрді. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының есебін тыңдады. Еркін Ботақановтың айтуынша, жауынгерлік оқу-жаттығу үшін базада барлық жағдай жасалған.
Қайрат Үмбетов, ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:
Қазіргі таңда авиациялық базаның құрамында ұшақтар мен тікұшақтар бар. Y8 ұщағының үшінші данасы келіп, үш данасы тағы да 2025-26 жылдар арасында жеткізіледі. Олардың барлығы транспорттық болып саналады. Және тікұшақтар, вертолеттер оперативті тапсырмаларды жеке құрамда белгіленген жерге жеткізу мақсатында тапсырмаларды орындайды.
Жалпы, біздің ұшқыштар бұған дейін Түркия, Ауғанстан және Сирияға жер сілкінісі кезінде гуманитарлық көмек жеткізген. Мысалы, Құрманғали Топанов Сирияға ауыр жүк тасымалдаған ұшқыш. Ол зілзаладан зардап шеккендерге көмек жеткізу қиынға соққанын еске алды.
Құрманғали Топанов, Әуе командирі, майор:
Навигациялық система істеген жоқ. Көзің соқыр болып қалған сияқты аспанда. Қайда, қалай, қай жерге кетіп бара жатқаныңды білмейсің. Связ диспетчерде сұрайын десең ол жауап бермейді. Саған ешкім жауап қайтармайды. +сонымен карта шығарып, секундомер қосып, скороспен примерно қай жерден қалай ұшып бара жатқанымызды тауып, төмендеп, өз әуе жайымызды таптық.
Президент Қазақстанның әскери қызметшілері БҰҰ аясындағы түрлі халықаралық миссияларға қатысып, бітімгерлік борыштарын табысты атқарып жүргенініне де тоқталды. Биыл олар өз міндеттерін Голан жоталарында алғаш рет дербес орындауға кіріскені мәлім.