Дэвид Кэмероннің Қазақстанға сапары: Алматыда британдық университеттің филиалы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дэвид Кэмероннің Қазақстанға сапары: Алматыда британдық университеттің филиалы ашылады

28.04.2024

Астанаға Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон ресми сапармен келіп кетті. Оны Президент Қ.Тоқаев қабылдады. Бірден айта салайын 2010-2016 жылдары Кэмерон Корольдіктің премьер-министрі болды.

Ақорда сайтының жазуынша, біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деген Президент. 

Президенттің тоқталған келісіміне Ұлыбритания министрі еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екеуі қол қойған. Сыртқы істер министрлігінің сайтында былай жазды: «Кездесу барысында тараптар екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастардың барлық ауқымын жандандыру шараларын талқылады».

Сөйтіп айтып отырған Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы тарихи келісімге қол қойған.

 Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

Бұл жан-жақты келісім Астана мен Лондон арасындағы саяси, сауда және инвестициялық қарым-қатынастарды жаңа көкжиектерге шығаруға елеулі көмек болмақ... Біз орнықты және өзара тиімді қазақ-британ стратегиялық әріптестігі жоғарыда көрсетілген салаларда – энергетика мен сирек металдардан бастап экология мен білім саласына дейін одан әрі нығаяды деп сенеміз.

Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

Біз Ұлыбританияның Қазақстандағы инвесторлардың үздік ондығына кіретіндегіне мақтанамыз. Бірақ, сіз айтқандай алда әлі көп қызық күтіп тұр деп ойлаймын. Және біз осыған баса назар аударуымыз керек. Жақында аса маңызды пайдалы қазбалар жөнінде серіктестікке қол қойдық. Шағын және орта бизнестің мұнда жұмыс істеп, орнығуы үшін кедергілерді, бюрократияны жою туралы сөйлестік.

Британ министрі журналистерге арналған брифингте «Біз сіздерден біз бен өзге бір державаның бірін таңда деп сұрамаймыз. Біз мұнда сіздерде таңдау болуы үшін келдік» деген.

Сапар барысында Алматыда британдық «Queen’s University Belfast» университетінің филиалын ашу және Оксфордта қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске асыру туралы меморандумдар қабылданды.

Мынадай анықтама: Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы былтыр 1,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 600-ге жуық компания, бірлескен кәсіпорын мен өкілдік жұмыс атқарады.

Ұлыбритания Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. 2005 жылдан бері Ұлыбритания елімізге тікелей 17 млрд доллар инвестиция құйған.


Хабарламаларға жазылу