Су тасқынымен күресте еріктілерге риза болып отырмыз. Және тұрақты түрде волонтерлықпен айналысатын ұйымдардан бөлек, су басқан аймақтарда «Қолдан келгенше көмектесейік» деп үндеу тастап жұртты ұйымдастырып жүрген азаматтар көп. 20 мыңнан аса волонтёр тасқын салдарымен күресіп жатыр, деп жазды, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegam арнасында.
Тіпті мектеп оқушылары мен зейнеттегі қариялар да көмектесіп жатыр. Жұртты сүйсінткен Атырау облысындағы әже. Кейуана Атырау маңындағы Бейбарыс ауылында мектеп ұжымымен бірге қапшықтарды құм салуға дайындауға көмектескен.
Жалпы ел бойынша тасқыннан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек үздіксіз жіберіліп жатыр. Туған жері үшін, ауылдастары мен жерлестері үшін алаңдаған азаматтар, су тасқынынан аман аймақтардың азаматтары, Қазақстан халқы ассамблеясы, түрлі компаниялардың ұйымдастыруымен 378 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған. Оның 280 тоннадан астамы зардап шеккен өңірлерге жеткізілді. Гуманитарлық көмектің қалған бөлігі жақын арада жіберіледі, деген республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова.
Сонымен бірге ақша аударып жатқандар аз емес. Ал ірі компаниялар мен бизнес өкілдеріне келсек:
Кесте:
- Теңізшевройл 2 млрд теңге;
- «Қазақмыс» корпорациясы 800 млн теңге;
- «Aллюр», «Саранское- КазТехнa» және «Қармет» компаниясы 500 млн теңге;
- «Eурейзн Рисөрсис Груп» компаниясы 400 млн теңге, 300 тонна қиыршық тас;
- «Қазақстан халқына» қоры 5 млрд теңге;
5 млрд. теңгеге қосымша «Қазақстан халқына» қорына заңды және жеке тұлғалардан қаржы түсіп жатыр. 5 күннің ішінде 865 млн теңге жиналған.
Айту керек - Қырғыз республикасынан гуманитарлық көмек келді. 40 миллион сомға бағаланған 270 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек және тағы басқа қажетті заттар тиелген 15 жүк көлігі төрт бағытқа Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарына жол тартты. Гуманитарлық жүк артқан көліктерде төсек-орын жабдықтары, киім-кешек, жылытқыш қондырғылар мен азық-түлік бар.
Айта кетейік, ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев тасқыннан зардап шеккендерге 26 млрд теңге бөлінгенін айтты. Министр егер шығынның көлемі жоспардан тыс көп болса, қосымша қаражат бөлінеді деді.