Басты Жаңалықтар Алматылықтар әлі үрей үстінде

Алматылықтар әлі үрей үстінде

Бүгін Алматыда тағы да жер сілкінді. Ғимараттардағы көпшілік жапа тармағай сыртқа шықты. Көшеде көлік кептелісі пайда болды. Такси бағасы екі есеге өсіп кетті. Метро жұмысын уақытша тоқтатып, теміржол және әуежай штаттық режимде жұмыс істеді. Эвакуациялық 384 пункке мыңнан аса адам жүгінген. Өйткені төтенше жағдай мамандары түс ауғанша көпқабатты ғимараттарға кірмеуге кеңес берді. Құтқару қызметіне, яғни 112 нөміріне 1300 қоңырау түскен. Жер сілкінісі Алматының іргесіндегі елді-мекендерде де тіркелді. Әріптестерім тікелей эфирге қосылып, жағдайы баяндауға әзір тұр. Алдымен Алматыдан бастайық.

Әйгерім, халықтың үрейі басылды ма?

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Шерхан, сейсмологтар қатты жер сілкінісі болмайды дегенімен, халық әлі алаңдап отыр. Рет ретімен баяндайын. Бүгін күндіз 11-ден 22 минут өткенде 5 балдық жер сілкінісі болып, аяқ асты абдырап қалған халық далаға қашты. Барлық мектеп пен бала-бақшадағы балалар бірден сыртқа шығарылды. Өзіміз де жұмыс орнымыздан атып далаға ұмтылдық. 20 секундтан кейін дабыл жүйесі іске қосылды. Мамандар үйдегі жарық, газ бен суды өшіріп, қажетті құжаттар мен жылы киім және азық-түлік алып далаға шығуға кеңес беріп жатты. Қауіпсіз орынға тұру керектігін немесе қабылдау пунктеріне баруды хабарлады. Ал 20 минуттан кейін қала әкімі Ерболат Досаев штабта жиналыс өткізіп, қосымша іс-шаралар жоспарын талқылады.
Күні бойы әбден алаңдаған тұрғындар, әсіресе көпқабатты үйде тұратын адамдардың біразы пәтерлеріне кіруге жүрексініп сыртта жүрді. Бір екеуімен тілдескен едік, тыңдайық.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Иә, 112 нөмірінен хабар кеш жетті, смс 12-ден 5 минут өткенде келді. Ал ол уақытқа дейін алматылықтар қала сыртына асықты ма, көшеде көлік кептелісі басталып кетті. Ұрымтал тұсты пайдаланып, таксистер де бағаны бірден 2-3 есе шарықтатып жіберді. Тіпті кейбір әуе билеттерінің бағасы қымбаттап кетті. Ал төтенше жағдайлар департаменті кешкі сағат 4-ке дейін ғимараттарға кірмеуді сұраған болатын. Суықта сыртта ұзақ уақыт тұра алмаған тұрғындар қаладағы халықты қабылдау пунктеріне ағылды. 384 пункке бас-аяғы 1 мың 132 адам жүгінген. Ішінде балалар мен шетелдің азаматтары да бар. Қалалықтар 112 нөміріне 1 мың 300 рет қоңырау шалыпты.
Мәншүк Әбілханова, қала тұрғыны:

10-шы қабатта жұмыс орнында отырдым, мен шамалы күтіп астына түстім, лифтілерді рабочийлар өшіріп тастаған, бірақ лестницамен точка сборға шықтық.

Ғалия Серікбаева, №93 бөбекжай-балабақшасының қызметкері:

Бүгін жалпы 141 бала келген. Көбісін алып кетті қазір, 10 шақтыдай бала қалды. Ата-аналардың бәрі алып кетіп жатыр. Бірақ бұл пункт ашық бізде. Адамдар келіп жатыр, біз қабылдаймыз. Жұмыс 6 жарымға дейін бірақ бұл жер тәулік бойы ашық тұрады.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Ал барлық мектеп пен университет те екінші ауысымдағы сабақ тоқтатылды. Жауаптылар қираған ғимарат жоқ деп отыр. Бірақ әлеуметтік желіде тараған видеоларда қабырғалары бүлінген нысандар бар. Тіпті су құбыры жарылып, кейбір үйлердің іші суға толған. Сағат кешкі 4-тен кейін төтенше жағдайлар департаменті еш қауіп жоқ, үйлеріңізге оралыңыздар деген хабарлама жіберді. Артынша жауапты мамандар тілшілерді жинап, брифинг өткізді. Сейсмологтар, дәл осы ошақтан яғни Алматыдан 30 шақырым жерден 1995, 2015 жылдарды осы шамалас жер дүмпуінің болғанын айтты. Ол кезде ілеспе қатты дүмпулер тіркелмеген, бұл жолы да болмауы мүмкін дегенді алға тартты. Бірақ, біздің болжамға 70 пайыз сенім артуға болады деген ғалымдар, Алматының қуіпті аймақта тұрғанын тағы да ескертті.
Нұрсәрсен Өзбеков, ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:

Алматы жұртшылығы біледі, біз сейсмикалық өте қауіпті аймақта тұрамыз. Сондықтан да сілкініс ошақтары не болмаса кез-келген жер сілкіністері кез-келген басқа ошақтарда туындауы мүмкін. Ол үшін басқа ошақтағы сілкініс жағдайын, сілкініс ахуалын қадағалауымыз керек. Әзірше біздің қолымыздағы бар деректер бойынша алаңдайтын, абыржу туғызатындай дерек-дәйек жоқ.
Әйгерім Ердәулет, тілші:

Айта кетейік, бұл жолы төтенше жағдайлар департаменті жұртқа хабарламаның алдын-ала немесе дәл сол сәтте келмегенін зілзаланың эпицентрі бізде болмғанымен байланыстырды. Сондықтан ақпараттарды жинастыруға уақыт кетті деп түсіндірді. Айта кетейін, бұл бір айдан сәл аса уақыт ішінде Алматыда болған 5 балдық екінші жер сілкінісі. Қалада 23 қаңтар түнде жер тербеліп, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан.
Жер сілкінісі Алматы облысы мен Жетісу облысында да сезілді. Алматы облысында тербеліс қуаты 5 балл төңірегінде болса, жетісулықтар 2-3 баллдық қуатты сезінді. Бізбен тікелей байланысқа шыққан әріптесім Қуаныш Қанатұлы екі өңірдегі жағдайды баяндауға дайын.

– Қуаныш, Қонаевта немесе Талдқорғанда қираған ғимараттар бар ма?

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Кеш жарық, Шерхан, иә, бүгінгі жер сілкінісі екі облыстың да халқын алаңдатты. Бірақ айтарлықтай дүрбелеңге салынған жұртты байқамадым. Талдықорғанда тіркелген екі баллдық зілзаланы көпқабатты тұрғын үй тұрғындары қозғалған жарық шамдардан білген. Ал Алматы облысына келетін болсақ бұл өңірде сәл қаттырақ сезілсе керек. Себебі облыс әкімі шұғыл штаб отырысын ұйымдастырып, біраз нұсқаулар берді. Әсіресе таулы аймақтарда қазір қар еріп жатыр. Көшкін жүруі мүмкін екенін ескертіп құзырлы органдардың дайындығын пысықтады. Ең бастысы екі өңірде де адамдар аман, бүлінген ғимарат жоқ. Өмір сүруге қажет барлық инфроқұрылымдар қалыпты жұмыс істеп тұр.

Бөлісу