Ақтөбеде 83 жастағы кейуана университетте білім алып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 83 жастағы кейуана университетте білім алып жүр

02.03.2024

83 жастағы ақтөбелік кейуана университетке барып біліп алып жүр. Ол ағылшын тілі мен цифрлық сауаттылық курстарына жазылған. Ғұмырының көп бөлігін медицина саласына арнаған Зауза Молдабекова білім алу үшін ешқашан кеш емес дейді.

Зауза Молдабекова ұл-қыз өсіріп, немере мен шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Ол Темір ауданында және Ақтөбе қаласында дәрігер болып 41 жыл жұмыс істеген. Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырмады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. «Күміс университет» жобасы туралы естігеннен кейін көп ойланбастан білім алуға шешім қабылдаған.

Зауза Молдабекова, «Күміс университет» жобасының қатысушысы:

Мен инстаграмдарды оқимын, өзім ватсапта бармын, телевизор қараймын. «Қазақстан» телерадиосын тыңдаймын. Қазіргі заманда сандық ақпарат үстемдік алып тұр. Себебі, сандық ақпаратсыз ешқандай шаруа бітпейді.Сондықтан сол сандық ақпарат жүйесін түсіну үшін осы курсқа келдім.

Зауза әже сабаққа белсене қатысады. Курсқа жазылғандардың ішіндегі ең егдесі болғанына қарамастан, үлгерімі өте жақсы. Ол шет ел тілі мен ақпараттық технологияларды меңгеру заман талабы дейді. Бұл жерде тыңдаушыларға жеті бағыт бойынша дәріс оқылады.

Сандуғаш Қаленова, Қ.Жұбанов атындағы аөму қосымша білім беру департаментінің маманы:

«Күміс университет» жобасы біздің университетімізде 2021 жылы іске қосылды.Сол уақыттан бері 300-ге жуық тыңдаушымыз әр тақырыптар бойынша білім алып, сертификаттарға ие болды.

Кейуананың білімі мен парасат, пайымына университет ұстаздарының өзі тәнті болып отырады. Ол әлемде және елде болып жатқан өзгерістерден әрқашан хабардар. Той-томалаққа барғаннан гөрі, осындай пайдалы іспен айналысқан дұрыс деген пікірде.

Зауза Молдабекова, «Күміс университет» жобасының қатысушысы:

Өмірдің талабынан шет қалмау керек.Себебі, өмірдің бізге қойып отырған міндеттемелері өте көп.Шет елдерде масс-медиа, ақпарат жүйесі өте дамып кетті. Дәстүрлі құндылықтарды сандық ақпаратқа, ақпараттық жүйеге лайықты трансформациялауды жүргізуіміз керек.

Зауза әжей сабақтан тыс уақытта студенттермен шүйіркелескенді ұнатады. Өмірден түйгенін, білгенін айтып, жастардың өзінен заманауи технологиялар туралы, әлеуметтік желідегі жаңашылдықтар туралы біледі.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу