Facebook-ң шыққанына да 20 жыл болыпты. Бүгін.
«Соңғы жылдары сын көп. Жап-жаңа мысал - қаңтардың соңында Марк Цукербергті америкалық сенаторлар тағы әбден сынады», - деп жазды The Economist басылымы. Зиян материалдарды таратасың деп отыр. Әлеуметтік желілердің ғажап екені де, қауіпті екені де көп айтылып жатыр.
Желілер терең, бірақ әзірге байқалмайтын трансформацияға ұшырап жатыр деп топшылайды The Economist. Қоғаммен тікелей байланысқа шығаратын әлеуметтік желілерді қолданушылар қазір екіге жарылған: достарының мәртебесін көргеннен гөрі, бейтаныс адамдардан түсетін гипербелсенді теледидарды елестетін бейнежазбаларға аңсары ауғандар көбейген.
Әлеуметтік желілер уақытты «жеген» үстіне «жеп» барады. 2020 жылмен салыстырғанда қарау уақыты 40 пайызға артқан. Өйткені әлем онлайн режимге көшті. Тіпті саясат интернетте. Дегенмен жаңа әлеуметтік желілердің сипаты әлеуметтік емес деп пайымдайды, сілтеме жасап тұрған басылым. Ұсынылатын клиптер қолданушының әлеуметтік байланыстарына емес, дағдысына сай таңдалады. Ал қолданушылардың өздері жазуды азайтқан. Өмірін жария қылып отыратын америкалықтардың саны 2020 жылдан бері 40 пайыздан 28 пайызға төмендеген. Пікірсайыстар WhatsApp және Telegram сияқты жабық платформаларға көшкен.
Дегенмен жабық топтардың да проблемасы бар. 200 мыңға дейін қолданушы отыратын Telegram-ғы топтар, әркім өзінің пікірін жазатын алаң ғана, бәтуәлі әңгіме-дүкен өрби қоймайды.
Сонымен қолданушылар жазатын материалдар азайғасын ашық әлеуметтік желілердің пайдасы да азайып жатқан көрінеді. «Мынаусы несі» дейтін бейнероликтер қаптаған. Ал қаралым жинап алуға мүмкіндік бергесін, ондай контентпен бөлісетіндер көп деп жазады The Economist.
Оның үстіне әлеуметтік желілерде күнделікті жаңалық та азайған. Кезінде Цукерберг Facebook әркімнің газетіне айналса деген. Бірақ әлеуметтік желілердің басты бағдары ойын-сауық болғасын, олардағы жаңалықтар 3-ақ процент құрайды екен.
Ал жалған - фейк материал көбейгенін қазір бәрі біледі. Өкінішке қарай, қалыпты болып барады. Адамдарды сан соқтырған еліміздегі кейстерді талдаса ғой. Бірақ кез-келген мәселенің мәнін түсіндіретін материалды оқудың орнына тағы бір «данышпанды» тыңдап отыратындар аз емес.