Таразда аспалы көпір апатты нысанға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда аспалы көпір апатты нысанға айналды

29.01.2024

Таразда 20 жылдан бері жөндеу көрмеген көпір құлағалы тұр. Осылай деген тұрғындар шаһар шетіндегі аспалы өткелге құрылыс жұмыстарын жүргізу керек дейді. Бүгінде бетоны бүлініп, қоршаулары қираған. Салдарынан былтыр биіктен жеңіл автокөлік аударылған. Ұзындығы 100 метрден асатын көпір Тараз бағытындағы төте жол ретінде қолданылады. Шөлдала мен Құмшағал ауылдарын облыс орталығымен жалғап жатыр. Айналма жолмен салыстырғанда қашықтықты 4 шақырымға қысқартады. Көпір қауіпті болса да тұрғындар күнде жүруге мәжбүр. «Қараусыз қалдырды!» деп қала әкімдігіне өкпелі.

Салтанат Ысқақова, Тараз қаласының тұрғыны:

Ешкім қарамайды, ешкім жауапты емес бұл жерге. Жауапты адам қоршау істемей ма?! Былтыр ма, 2 жыл болып қалды. Осының темірлерінің бәрін ұрлап кеткен. Ешқандай қоршауы жоқ қой!

Ал әкімдік көпірді 20 жыл бұрын апатты деп тапқан. Дегенмен қатынау өткелі қала билігінің балансында болмай шықты. Кеңестік кезеңде шағал шығаратын зауыт иелік еткен. Тоқырау жылдарында өндіріс тоқтаған соң, қараусыз қалады. Енді ауада қалқыған аспалы көпірді ешкім есебіне алғысы жоқ. Әкімдік көпір экономикалық тұрғыда тиімсіз деп, жөндегісі жоқ. Керісінше көпірден өткендерге алда айыппұл салуды көздеп отыр.

Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Көпірдің үстіне шектеу белгілері қойылған. Ол жерден техникалық құралдардың өтуіне тыйым салынған. Көпірді жауып тастайық десек оны жалпы малды айдап өтетін қауіпсіз жол болып тұр. Тиімсіз болғандықтан біз оны алдағы уақытта жөндеуді жоспарлап отырған жоқпыз.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу