Жетісу облысында ауылдарға табиғи газ тартылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында ауылдарға табиғи газ тартылып жатыр

17.01.2024

Жетісу облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмысы қыста да жалғасып жатыр. Биыл тек Көксу ауданының 12 ауылына көгілдір отын жеткізіледі. Күні бүгінге дейін өңірдегі 190-нан астам елді мекеннің 31-не өркениет игілігі жетті. Биыл аймақта 460 шақырым құбыр тартылып, 22 ауылға газ беру жоспарланған. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында атқарылып жатыр.

Ләззат Қылдыбаеваның Талапты ауылына келін боп түскеніне биыл 33 жыл. Содан бері қыс түссе көмір тасып, пеш жағып, күл шығарумен келеді. Маусымына 6 тонна қатты отын сатып алады. Ал қазір көмірдің бір тоннасы 18 мың теңге. Биыл елді мекенге табиғи газ кіреді деген жаңалықты ауылдастарымен бірге қуана қарсы алды.

Ләззат Қылдыбаева, ауыл тұрғыны:

Тұрмыс-тіршілік әрине жеңілдейді. Газбен жылынған қандай? Өзің от жаққан қандай, осы көмірмен алысып. Күні қара кешке дейін көмірмен алысқан қандай? Газ құбыры келіп, газбен жылынған қандай. Өте жақсы, разымыз.

Көксу ауданында Талапты ауылынан бөлек тағы 11 елді-мекенге 200 шақырымға жуық газ құбыры тартылады. Жоба құны 5,4 млрд теңге. Мердігерлер көктемгі егін егу науқанына кедергі келтірмеу үшін жұмысты қаңтарда бастап кетті. Ал осы уақытқа дейін 8 ауылға көгілдір отын жеткізіліп, халық өркениет игілігін көре бастады.

Мәди Қарбаев, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:

20 елдімекен газға қосылады. Қалған ауылдарда газға қосу жұмыстарын жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Осы ақпан айының соңына дейін мемлекеттік сараптамадан шығады. Сонда 2025 жылдың соңына дейін Көксу ауданының елді-мекендері толығымен газға қосылады деген жоспарымыз бар.

Жалпы облыста 5 ауданды толық газдандыру үшін 62 елді-мекеннің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал 2030 жылға дейін 124 мың тұрғыны бар 64 ауыл мен екі қалаға көгілдір отын жеткізу межесі тұр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу