Айналма жолдың құрылысына қаржы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айналма жолдың құрылысына қаржы қажет

04.01.2024

Қорғас кеден бекеті мен Өзбекстан Республикасы аралығындағы күре жолдың Шымкент қаласы тұсындағы айналма жолының құрылысы 8 жылдан бері аяқталмай келеді. Соның салдарынан халықаралық көлік дәлізінің бойында жол қауіпсіздігі мен көлік кептелісі көбейді. Осыған байланысты қала билігі бүгін жол құрылысының барысымен танысуға барған сенаторлардан республикалық қазынадан қосымша қаржы бөлуді сұрады. Ұзындығы 30 шақырым болатын айналма жолдың қазір екі бөлігінде жол төселіп жатыр. Оған былтыр 2 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Ал биыл жол құрылысына тағы 10 миллиард теңге қажет. Жобаның маңыздылығы жол төселіп бітсе еліміздің халықаралық жүк тауар тасымалындағы әлеуеті артырады. Шымкенттің агломерациялық орталық ретіндегі мүмкіндігі ұлғаяды. Бүгінгі таңда айналма жолмен тәулігіне 15 мыңдай автокөлік әрі-бері қатынайды. Жоспар бойынша айналма жол құрылысы 2025 жылы толық аяқталуы тиіс.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Шымкент қаласынан сайланған сенаторлар республикалық бюджетке ұсыныс енгізіп, қосымша қаражат сұрадық. Оның 3,8 млрд одан соң тағы 1,5 млрд алдық. Бірақ ол әлі де жетпейді. Сондықтан бюджетті қорғау барысында бұл мәселені тағы да көтеретін боламыз.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу