Басты Жаңалықтар «Самұрық-Қазына» қоры бала жастағы мүгедектіктің алдын алу орталығын ашты

«Самұрық-Қазына» қоры бала жастағы мүгедектіктің алдын алу орталығын ашты

Оралда “Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ерте араласу, яғни бала жастағы мүгедектіктің алдын алу орталығы ашылды. Жаңа орталық облыстық перзентхана ғимаратында орналасқан. Онда жыл сайын 600 балаға кешенді көмек көрсетіледі. Үш жылда қор ел бойынша ерекше балаларға арналған 34 оңалту орталығын ашты.
Ксм: "Самұрық-Қазына" қорының бастамасымен ашылған жаңа орталықта нейро-ортопедиялық дертке шалдыққан балалар оңалтудан өтеді. Мұнда мүгедектікті ерте анықтауға да мүмкіндік бар. Жылына үш айлықтан үш жасқа дейінгі 600 сәби тегін ем алады.

Аида Сабырова қала тұрғыны:

Осындай орталықтың ашылғанына өте ризамыз. Жаттығулармен баланың моторикасын дамытады. Емхана жолдамамен осында жіберді бізді. Кішкене қисық басады, тісі жәй шықты. Бірақ қазір жақсы қызым, өте жақсы.
Заманауи орталықта механотерапия, емдік-дене шынықтыру залы, сенсорлық, иммерсиялық ванна, шунгит, тұз, басқа да ерекше емдік демалыс бөлмелері бар. Ми мен есту қабілетін зерттейтін диагностикалық жабдықтар да осында.

Евгения Малощук, реабилитолог дәрігер, ерте араласу орталығының меңгерушісі:

Біз балаларды орта жолда қалдырмаймыз. Оңалту тек 21 күн болғанымен, баланың даму көрсеткіші жақсы болса, толық қалпына келгенше әрі қарай да жұмыс істей береміз. Кейбір ауруларды ерте жастан анықтай аламыз.
Бұл облыста «Самұрық қазына» қорының қаржыландыруымен іске қосылған екінші орталық. Алғашқысы үш жыл бұрын 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналып ашылған болатын.

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:

«Самұрық-Қазына» елімізде 34-ші оңалту орталығын ашып отыр. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған орталық. Дәрігерлер арнайы білім алған, кәсіби сертификаттары бар. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.
Орталықтың ашылуына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 57 млн теңге қаражат бөлінді.
Бөлісу